Бағдары айқын бастама
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы қоғам санасына үлкен серпіліс әкелген елеулі оқиға болғаны анық. Аталған бағдарламалық мақалада Президент «Туған жерге туыңды тік деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады» …басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек» деп, барша қазақстандықтарға туған жеріне көмек көрсету жайлы үндеу тастағаны белгілі.Мемлекет басшысы көтерген бастама Аманкелді ауданы, Байғабыл ауылында нақты іспен қолдау тапты. Ауыл тұрғындары, елдің сыртта жүрген азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ қор ашты. «Көп түкірсе көл» деген ғой, аз ғана уақыт ішінде 11 млн теңге шамасындағы қаражаттың басы құралды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұстанымды ту еткен ел ағалары, жиналған ақшаға алдыңғы кезекте қорымды қоршау қажет деп шешіпті.
Байғабыл – Торғай өзенің салалы бір тармағы, тарихы тереңнен тамыр алатын киелі мекен. Ұзын Қыпшақ ішінде Қаз, Кедел ұрпақтары жайлаған, тарихи тұлғалар көптеп шыққан қоныс. Кезінде халық саны көп болғанының бір дәлелі ауыл маңының өзінде төрт қорым бар. Соның үшеуі осы уақытқа дейін ашық жатқан еді. Бүгінде екі зират түгелдей қоршалды, қалған біреуі маусым айына дейін аяқталмақ. Сондай-ақ, ауылға сырттан екі жүз түп көшет әкеліп отырғызылды.
«Байғабыл ауылының рухани жаңғыру көктемі». Қоғамдық іс-шараға жергілікті тұрғындар осылай атау берген. Ресми мереке 8 мамыр күні Ақан Нұрманов атындағы орта мектептен бастау алды. Аға буын мен жастар бірнеше спорт түрінен өзара сынға түсті.Одан әрі жергілікті ақын Молдатай Жапаровтың «Байғабыл – алтын қазық ат байлаған» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Молдатай Жапаров – Байғабылдың тумасы, бүгінде Арқалық қаласында тұрады. Әйтсе де, өмірі қолынан қаламын тастамай, туған жерінің тарихын таспаға түсіріп келген екен. Молдатай Жапарұлы өлеңдері көркем, мазмұнды, мықты ақындардың бірі.
«Байғабыл ару – аядай жердің жұмағы,
Тауы жоқ деме, тастақтан ағар бұлағы.
Ғазиза туған ғажайып өлке екен деп,
Әндерін айтып, ғашықтар мекен қылады.
Байғабыл бүгін өнердің елі атанды,
Ұрпағы өсіп, атадан текті бата алды.
Құдіретті сөзбен, Құланның атын шығарған,
Байғабыл десе, айтады бірге Ақанды», – деп туған мекенінің шежіресін жырмен жазған Молдатай ақын жерлестерінің сүйіспеншілігіне ие.
Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәки Ақанов, өлкетанушы қария Орекен Алматов, ардагер-ұстаз Серікбай Шоңғалов, Қаратай Нұрманов, белгілі өнерпаз Жұмағали Өмірбеков, айтыскер Бүркітбай Бекетовтер оның жырларына жоғары баға беріп, шығармашылық табыс тіледі. Бірнеше кітапты мектеп кітапханасына тарту етті.
Ақынның кеші ауылдың бүгінін бағамдап, болашағына бағдар жасаған семинар-тренингке ұласты. Жиынның тізгінін осы елден шыққан белгілі азамат, іс-шараның негізгі ұйымдастырушыларының бірі Жомарт Түбекбаев ұстады. «Қазір заман ағымы жылдам өзгеріп жатыр. Бұрынғыдай жайбарақат жүретін уақыт жоқ. Бір реткі көмек ешкімді жарылқап тастамайды. Әр ауылдың экономикалық саясаты болу керек. Қазір ауылға бағытталған түрлі бағдарламалар бар. Соны неге игермеске? Бүгінде іс бастағанша, мың түрлі сылтау айтқанды жеңіл көретіндер көп. Сіздер көрсін, үлгі алсын деп осы азаматтарды арнайы шақырдық» деген Жомарт Түбекбайұлы Үрпек ауылынан келген кәсіпкер Таңатар Ахметов пен Сәт ауылының тұрғыны Сағадат Дауғаринге сөз берді. Бұл жігіттер кәсібінен нәсіп тауып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді игеріп, соның жемісін көріп отыр. Олар өздерінің тәжірибесін бөлісіп, кәсіп бастаудың, құжат әзірлеудің жолдарын нұсқады. «Ауылда жұмыс жоқ деген жәй сөз. Істесе кәсіптің көзі жетеді. Тек соның тетігін табу керек» деген кәсіпкерлердің жанашыр сөзі, көпке үлгі болса игі. Іскер азаматтар Айтқұл қонысындағы Мұратәлі Көкішевтің шаруашылығын аралап, ақыл-кеңестерін берді. Айта кету керек, семинар соңынан «ақылдастар алқасы» құрылды. Бұл қоғамдық ұйым ауылдың әрі қарай экономикалық-әлеуметтік дамуы үшін нақты жоспарлармен жұмыс істемек. Оның мақсат, міндеттері белгіленді.Іс-шаралар легі Байғабылдың мақтанышы, бұлбұл дауысты әнші Ғазиза Жұмекенованың «Туған ел жүрегімнің түпкірінде» атты концертімен жалғасын тапты. Өнерпаздың үнін есту үшін аудан мен көрші ауылдардан ағылған көрермендер Бақытжан Байқадамов атындағы мәдениет үйін лық толтырды. Жергілікті жазушы Сәбит Досановтың шығармасын негізге ала отырып, ардагер ұстаз Серікбай Шоңғалов әзірлеген сахналық қойылымдарды Ақан мектебінің оқушылары сәтті алып шыға білді. Актер Мейрам Жапаровтың арнайы келуі тұрғындар үшін тосын сый болды. Екі сағаттан артық уақытқа созылған ән кешінде Кәки Аханов, Жұмағали Өмірбековтер қос домбырамен қосылып күй тартса, белгілі биші-ұстаз Ерсін Жүсіпов би билеп, бабында екенін көрсетті. Бұл байғабылдықтар үшін тарихын еске алып, ертеңіне сенімі оянған, шын мәнінде рухани сілкініс әкелген сәт болды.
Жеңіс күні боздақтар рухына тағзым жасаған Байғабыл тұрғындары, сырттан арнайы келіп, шұрқыраса көріскен бауырлар, аруақтарға дұға бағыштап, ас берді.
Абылай Мауданов