Баспана мәселесі байыппен шешіледі
Бүгіндері Рудный тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Жуырда ғана 75 пәтерлі көпқабатты үй кеншілердің иглігіне берілсе, алдағы уақытта бірі 90, бірі 60 пәтерлі тағы екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Осылайша, биыл бас-аяғы 300 отбасы қоныс тойын тойламақ.«Еуразиялық Топ» қазақстандық ипотекалық компаниясы арқылы мұндағы ССКӨБ жұмыскерлері баспаналы болуға мүмкіндік алды. Пәтер бірінші кезекте жастар, одан кейін білікті, аз кездесетін мамандық иелеріне беріледі. Бағасы да қолжетімді. Мәселен, 2 бөлмелі пәтер үшін айына 40 мың, ал үш бөлмеліге 50 мың теңге төлейді.
Бас мердігер «Рудныйсоколовқұрылыс» компаниясы үшін көпқабатты үйді тұрғызу да аса қиындық туғызбады. Неге десеңіз, әуелде шаһардың сәнін бұзып, құтын қашырып, дайын тұрған ескі ғимараттардың қаңқасы ендігі әдемі кейіпке еніп, кәдеге асып жатыр. Жаңа аула қала көркін кіргізіп, тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз. Мұнда балаларға арналған ойын алаңқайы, баскетбол мен шағын футбол алаңы, жайлы орындықтар мен автотұрақ бар. Үйдің ауласы түгелдей қоршалған.
Пәтер кілтіне ие болған 75 жанұяның бірі – Туфатулиндер отбасы. Отағасы Дәулет – Сарыбай кен басқармасының бөлім инженері болып жұмыс істейді.
-Осы уақытқа дейін баспана мәселесі біз үшін бірінші кезекте әрі қиын шаруа еді. Сәтін салып, ол да шешілді. Қазір үй сатып алу жас отбасыларға, әрине, ауырға соғады. Біздің бір қызымыз бар, бұйырса, екіншімізді күтіп жүрміз. Сондықтан пәтерден пәтерге көшу де оңай емес. Енді, міне, тұрғын үй бағдарламасы арқылы небары 3,5 пайызбен кең пәтерге ие болдық. Компания басшылығы ақадал еңбегімізді ескергені, әлбетте, қуантады,-дейді Дәулет Туфатулин.Жаңа тұрғын үйде көлемі 40, 60, сондай-ақ, 80 шаршы метр болатын 1, 2 және 3 бөлмелі 75 пәтер бар.
Кеншілер қаласының 60 жылдығына байланысты осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жандана түсетін сыңайлы. «ССКӨБ» АҚ-ның президенті Береке Мұхаметқалиев биыл дәл осындай тағы бір үйдің берілетінін айтып өтті.
-Біз үшін – қызметкерлердің жалдамалы пәтерде емес, өзінің жеке баспанасында тұрғаны маңызды. «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, бұдан былай жұмыскерлердің өмірі жайлы болатынына сенімдімін,-дейді Б.Мұхаметқалиев.
Айта кетейік, барлық аймақтарда «Еуразиялық Топтың» көмегімен Тұрғын үй бағдарламасы аясында жүздеген қоныс құрылысы басталған. Жыл аяғына дейін 90 мың шаршы метрдің үй-жайы салынып, ERG кәсіпорныныңда жұмыс істейтін1400 отбасы баспаналы болуы тиіс. Бұл үшін айтулы компания 10 млрд теңге бөліп отыр.
Сондай-ақ, Қостанай облысындағы «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатымен биыл Ұлттық қордан 2 млрд 368 млн теңге бөлінді.
-2017 жылы сатып алу құқығынсыз 7 жалдамалы тұрғын үй құрылысына 1 млрд 562 млн теңге аударылды. Олардың қатарында биыл тұрғындарға тапсырылатын Рудныйда екі үй, Заречный ауылында екі үй, сондай-ақ, 2018 жылы берілуі тиіс Қостанайдағы үш үйдің құрылысы бар. Барлығы 381 пәтер,-деді Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы мониторинг және есеп бөлімінің басшысы Мирас Серғалиев.
Сонымен қатар Заречный ауылындағы Северный шағын ауданында 27 және 18 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы, әуежай аумағында үш қабатты тұрғын үй және осы Рудныйда 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жоспарланып отыр.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Қуаныш ЕСҚАБЫЛ.