Сапа – басты назарда

     Жол – тіршіліктің күретамыры деп бекерге айтпаса керек, бір елмен екінші елді жалғап жатқан жол шын мәнінде экономиканың қозғаушы күші. Ендеше, дамитын ел, ең алдымен, жол қатынасына ерекше мән береді. Соңғы жылдары Тобыл өңірінде де республикалық, облыстық маңызға ие жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.жол Өйткені, осыдан кемі 30-40 жыл бұрын төселген тасжолдардың бүгінгі сапасы сын көтермейді. Кезек күттірмейтін мәселеге айналған күре жолдарды жөндеу жұмыстарына биыл да облыстық, республикалық қазынадан 7,4 млрд теңге  бөлінді. Бүгінгі таңда соның тең жартысына жуығы, яғни 3 млрд теңгесі игерілген. Енді тиісті қаражаттың қай жолға, қанша бөлінгендігін айтайық. «Қазаавтожол» Ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Андрей Горваттың айтуынша,  Қостанай-Қарабұтақ арасындағы тасжолдың Денисов ауданы маңындағы қырық шақырымын жөндеуге 1,8 млрд теңге бөлінген көрінеді. Жалпы, жобаның құны 5 млрд теңгеден асады. Құрылыс жұмыстары келесі жылы желтоқсан айында аяқталуы тиіс.
         Биыл облыста қатарынан бірнеше бағыттағы тасжол жөнделіп жатыр. Облыс орталығында да жол жөндеуге байланысты бірнеше көше жабылған. Қара суық түскенше, қолға алынған барлық жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Дегенмен, асығыстыққа жол беруге болмайды. Облыс әкімі осылай деп отыр. Ең бастысы сапа керек. Әйтпесе, жылда-жылда қазынадан млрд-таған қаржы бөліне бермейді.
        Сапа демекші, «Қостанайжоллаборатория» мемлекеттік мекемесінің өкілдері үстіміздегі жылы облыс орталығы мен Қостанай ауданына қарасты жол құрылыстарын жіті тексеріп жатыр. Бұл туралы осы мекеменің басшысы Ескендір Қуанышбаев айтты.
      – Қала іші мен Қостанай ауданы бойынша жиырмадан  астам тексеріс  жүргіздік. Сонда 115 жол-құрылыс материалдарының сынамасын алдық. Олардың үшеуі зертеліп жатыр. Он үші нормативтік құжаттарға сәйкес келмейді. Тағы он үші қолдануға рұқсат етілмеген. Барлығы он бес ескерту жасалды,-дейді Е.Қуанышбаев.
        Облыс әкімі өз істеріне жүрдім-бардым қарайтын мердігерлерге шара қолдану керектігін алға тартты.
          -Мұндай кемпшіліктерді жіберуге әсте болмайды. Олармен келісім-шартты дереу бұзу керек,-деді аймақ басшысы. Ол жол сапасын қадағалауды өзінің орынбасары Сергей Карплюкке, облыс әкімі аппаратының жетекшісі Арман Әбеновке тапсырды.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓