Мекемедегі мереке
Кеше "Қазақтелеком" АҚ Қостанай облыстық филиалының ұжымы "Наурыз" мейрамын дүркірете атап өтті. Ерте-кеші болмайтын қуанышты мейрамды атап өтуге дайындық тыңғылықты жасалған. Әріптестер бір кісідей жұмылып, шараны жоғарғы деңгейде атқарып шықты. Құрметті меймандар шақырылған.
Мерекелік бағдарлама құттықтау рәсімдері аяқталысымен қойылым түрінде өрбіді. Қожа Насыр, Тазша бала, Толағай сынды қазақ халқының ауыз және жазба әдебиетінің өкілдері көрермен көңілін көтеруді өз міндеттеріне алған. Ойын-сауық, әзіл-қалжыңмен қоса, жергілікті өнерпаздардың ән, би, күйлері жиылған жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бағдарлама аясында ұлттық салт-дәстүрлердің түрлері, спорттық ойындар көрсетілді. Жұртшылық ширату сауалнамаларына жауап беруге тырысты. Көңілді бағдарлама соңында құрметті қонақтар – "Нұр Отан" партиясының ҚОФ басшысы Ғ.Бекмұхамбетов, "Қостанай таңы" облыстық газетінің бас редакторы Ж. Аязбеков, "Костанайские новости" газетінің бас редакторы С.Харченко және өзге де тұлғалар сахна төріне көтеріліп, жылы лебіздерін айтты.
Бұл уақытта екі жерден қанат жайған ақ үйлер маңында қазан-қазан ас қайнап жатқан-ды. Төңірегіне алтыбақан құрылған…
Сондай-ақ, жер-жерде асық атудан, гір көтеруден, қол тіресуден, тоғызқұмалақтан, арқан тартыстан жарыстар ұйымдастырылды.