“Жүректен жүрекке”
Қаламыздағы “Үміт-Надежда” қоғамдық бірлестігі облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының тапсырысы бойынша “Жүректен жүрекке” жобасын қолға алған болатын. Міне, осы жоба аясында қоғамдық бірлестік мүшелері қаламыздағы “МАРТ” сауда орталығы жанында “Жақсылық жаса!” деген деген ұранмен акция өткізді. Шараға мүмкіндігі шектеулі жандар ғана емес, жалпы қала жұртшылығы жұмылдырылды.-Елбасымыздың арнайы тапсырмасымен елімізде мүгедектерге, барлық мұқтаж жандарға қамқорлық көрсету игі дәстүрге айналған. Біздің қордың да негізгі мақсаты – өзіміз секілді жандарға көмек қолын созып, өмірге деген құлшыныстарын арттыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың да қолынан бәрі келетіндігіне көпшіліктің назарын аудару. Осындай акцияны біз алдағы уақытта облыстың басқа өңірлерінде де өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді “Үміт-Надежда” қоғамдық қорының төрағасы Дүйсенғали Оспанов.Акция барысында қоғамдық бірлестік белсенділері жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынып, алаңға шығып би билеп, түрлі викториналық сұрақтарға жауап берген белсенді қатысушыларды арнайы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, қор жетекшісі мүмкінідігі шектеулі жандар – Айдана Қыстаубаева мен Мәлика Төлемісоваға қордың есебінен мүгедек арбасын сыйға тартты. Мұндай сыйды күтпеген қыздар да қор басшылығына өз алғыстарын жаудырды.-Мен “Үміт-Надежда” қоғамдық қорының мүшесі болып саналамын. Тұрмысқа шыққан соң, жолдасыммен бірге Астанаға көшіп кеткен болатынбыз. Жақында маған Аруна Жақсығұлқызы хабарласып, менің Қостанайға міндетті түрде келуімді, тосын сый дайындап қойғандығын айтты. Ол кісінің сөзін жерде қалдырмай келген едім, сөйтсем мынадай тосынсыйға тап болып жатырмын. Өте қуаныштымын. Біздің аяғымыз осы арба ғой, сондықтан мен үшін керемет сый болды. Ол кісілерге Алланың нұры жаусын, – дейді Айдана Қыстаубаева.
Қарлығаш ОСПАНОВА