Партиялық бақылау күшейді
«NurOtan» партиясы Қостанай облыстық филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша қоғамдық бақылауды орнату кеңінен сөз болды.
Партия Президент Жолдауының терең мәнін түсіндіруді оны жүзеге асыруға етене араласады. Комиссия төрағасы Михаил Дәуеновтың сөзінше партиялық бақылауды күшейтіп, мемлекеттік бағдарламалардың негізгі тетіктерін түсіндіру – басты мақсат.
– «NurOtan» партиясының экономиканы дамытуда, азаматтардың әл-ауқатын арттыруда, барлық санаттағы халықтың жағдайын жақсартудағы рөлін айқын байқауға болады. Барлық күш жігерді айқындалған мақсаттарға жұмсауымыз керек,- деді Михаил Дәуенов.
Жиын барысында жергілікті нұротандықтар бастамасымен «Qutty meken» партиялық жобасы шеңберінде мемлекеттік бағдарламалармен салынып жатқан құрылыс нысандарына қатысты талапты одан әрі қатаңдату керектігі айтылды.
–Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси кеңесте партиялық бақылауды күшейту керектігін тапсырды. Партиялық бақылау комиссияның құрамына кіретін қалалық және облыстық мәслихат депутаттары тарапынан жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына қатысты мониторинг пен бақылау шаралары одан әрі жүйелене түспек, – дейді партиялық бақылау инспекторы Бауыржан Сабыржан.
Бүгінде формат пен партиялық жұмыс жандана түсті. Саяси технологиялардың көмегімен жұмыстың тиімділігі мен нәтижелігі арта түскен. Мәжіліске қатысушылар партия мүшесінің әдеп кодексін сақтауы, қоғамдағы жемқорлыққа қатысты «нөлдік төзімділікті таныту», антикоррупциялық иммунитетті қалыптастыру, жемқорлыққа қарсы әдістерге қатысты ақпараттандыру жұмысты одан әрі арттыру жайын талқылады.
– Арнайы құжатта сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісі мен оны болдырмау жайында айтылған. Бұл партия мүшелеріне де қатысты. Жауапкершілікті арттыру маңызды. Партияластарымыздың көбісі еліміздің, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып жүр. Алайда, ішкі тәртіпті бұзғандар да бар. Оларға қатысты қатаң шара қолданылды, – деді «NurOtan» партиясы ҚОФ партиялық бақылау инспекторы Бауыржан Сабыржан.
Алдағы уақытта жемқорлықтың алдын-алуға бағытталған іс-шаралар көптеп өткізілмек. Мектеп оқушылары мен студенттер де назардан тыс қалмайды.
Әсел ҚИБАШ