«Үш қызбен» кездесу
Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қостанай таңы» газетінің 95 жылдық мерейтойына орай «Журналистпен сұхбат» жобасы аясында газет тілшілері Қарлығаш Оспанова, Айтолқын Айқадамова, Шұға Қоңқабаймен кездесу болып өтті.«Үш қыз» атауымен облысқа танымал тілшілер кездесу барысында қызметтік жолдарымен таныстыра отырып, журналистика саласының қиындығы мен қызығы жайлы ой қозғап, тілшілік тіршілікке тыңнан түрен салып келе жатқан жастардың қадамы туралы ой бөлісті. «Үш қыз» газетке жаңа леп, серпін алып келді. Елімізге танымал журналист Сәлім Меңдібай сол кездегі жастар редакцияға келгенде газетке «Қарлығаш, Шұға, Айтолқын – «Қостанай таңының» жаңа толқыны» деп сүйінші мақала жазған. Міне, қазіргі кезде әбден төселген, тәжірибелі тілшілер – жас журналистерге үлгі көрсетуші.
Кітапханадағы кездесуде олар газеттің күнделікті атқаратын жұмыстары туралы айтты. Іс-шараға келген оқырмандар мен студенттердің ой елегінде жүрген сұрақтарына толыққанды жауап берді дей аламыз. Мақала жазу үшін түрлі материалдарды жинау, сұхбат құру үшін қажетті деректерді дұрыс пайдалану туралы да жас журналистерге кеңес берді. «Қостанай таңы» газетінің арғы-бергі қалыптасуынан бастап, осы басылымда өздерінің қалай бірге жұмысқа орналасқандары, қызықты сәттері жайлы айтты. Қазіргі кездегі жастардың жазу белсенділігі төмен екені рас. Осы тұста олар айтқан газет тілшісі ескеруге тиісті тетіктерді журналистика мамандығының студенттері қойын дәптерлеріне түртіп алды.
Қ.Боранбайұлы