«Ұстазы бар шәкірттің қанаты қайырылмайды!»

Қос аяғы салбырап, көктен түскен ешкім жоқ. Мен де, Бұқар бабамызша айтқанда «..тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен…» аяулы ананың перзентімін. Маған да, Мұхтар Әуезовтың әжесіндей «қоңыр қозым» деп еркелетіп, ата-апам  маңдайымнан құшарлана иіскеп, жан қалтасында сақтап жүрген бал кәмпитін ұсынған. Мен де, достарыммен С.Мұратбековтың «Жабайы алмасындағыдай» қасқа тісім жарқылдай, көк алманы талай қаршылдата шайнағанмын.  Жә… «Мен..Мен де..». «Бастырмалатып әкетуін  …?!», – деп, сөге көрмеңіздер.  Е, тәйірі, Қожа болып  Жантастардың  жұмсақ жерінен осып-осып алған сәттер қайда? Қанат болып та, Әжібектердің әлімжеттігінен қорланған едік. Ерболдайын еліктей қызға ен салып, түлкінің күшігіндей сүп-сүйкімділерді  ілген кездер-ай! «…Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау құрғырлар…»! Өмір-күнделігімнің парақтарынан мысалдарды келтіре беруге болады. Алайда, Ол – кезегі кейін келетін, бөлек әңгіме….bcdfd6c8-7e39-4f50-b3e4-9ad1fddc5628

Әдебиет. Осынау құдіреттің мәнін ұқтырған, жұрнағы «жұқсын» деп, кітап құмарлыққа елтіген ұстазым – Мұқашева Бизада Жақсылыққызы. Әлі есімде, ат жалын тартып мінер бота тірсек жасөспірім кезімізде Бизада Жақсылыққызы біздің сыныптың жетекшісі болып белгіленді. Ол кезде Қостанай қаласындағы С.Мәуленов атындағы №24 қазақ орта мектебінің енді-енді гимназия атанып, апыл-тапыл адымдай бастаған тұсы еді. Тұп-тура он төрт жыл бұрын жаңғыртылған білім ұясының тұсауын қыркүйек айында Нұрсұлтан Әбішұлы кесті.  Осылайша қаладағы қазақ гимназиясының тіршілігі басталған еді. Әлбетте, білім ұясына гимназия дәрежесінің ұсынылуы бір-бір төбе ұстаздардың ерен еңбегі екенін мойындаған ләзім. Ал асыл ұстаздардың басым көпшілігі қазіргі уақытта Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясында, Назарбаев зияткерлік мектебінде және басқа мекемелерде қызметтерін жалғастыруда.  

Қылауымен қар, жырауымен жыр өседі. Біздің сынып гуманитарлық бағытта еді, нақтысы қазақ тілі мен әдебиетіне екпін қойылды. Ең әуелі, қазақ поэзиясының мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағалимен бізді қауыштырғаны үшін, Бизада Жақсылыққызына басымды иемін. Әлі есте, сегізінші сыныпта оқып жүріп, қатарластарымның көбі Әзілхан ата Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабының мұқабасындағы әр қаріп пен алуан мінез кейіпкерлеріне дейін жатқа білетін. Рас, «Абай жолы» роман-эпопеясын балаң шақта ауырсынып, оқу түгіл қолға ұстауға жүрегіміз дауаламайтын. «Балаға өз тіліңмен емес, өз тілімен сөйле». Сынып жетекшіміздің оқуға баулудағы шеберлігінің арқасында, жиырма жетіміздің (сыныбымызда жеті ұл, жиырма қыз еді)  он шақтысы әлемге әйгілі Әуезовтың мәшһүр туындысынан сусындады.f40c9c01-2a15-4fc2-ba9f-8d83aa1427da

Жуырда ардақты ұстазымыздың жақсы жаңалығын естіп, бөркімізді аспанға аттық. Мектеп құрамында «Қарагөз» театр үйірмесі жұмыс істейді. Құрамына әр сыныптың оқушылары енеді. Жақында Бизада Жақсылыққызының жетекшілігіндегі театр үйірмесі қалалық додада топ жарды. Осы ретте, бала театр үйірмесінің жетекшісімен аз-кем сұқбаттасқан едік. Ол үшін алтын ұяға бардым. Апайым кезіндегі біздің сыныптың екі жүз сегізінші кабинетінде екен. Сынып табалдырығын аттай салып, төрге көз тастадым. Он шақты жыл бұрын қойылған ақиық Мұқағалидың сом суреті әлі-ақ айбынданып, арқаланып тұр.

-Бизада Жақсылыққызы, ұстаздықтың жауапты міндеті жүктелген тығыз уақытыңыздан бір сәт бөліп, сұқбат беруге келсікеніңіз үшін рақметімді айтамын.
-Оқасы жоқ, айналайын.
-Осы уақытқа дейін де, талай сахналық қойылымдарды, әдеби-сазды кештерді ұйымдастырып, балалардың өнерге деген ынтызар көңілін елеп, шығармашылықтарына қанат бітіріп жүргеніңізді біреу білсе, кейбірі бейхабар. Сонымен, мектептегі «Қарагөз» театр үйірмесі қашан құрылды?
-Осыдан бес жыл бұрын көптен бергі арманымды жүзеге асырдым. Айтуың жөн, «Қарагөз» театр үйірмесін ашпай тұрып, бір ғана сынып оқушыларының  қабілет-қарымына жүгінетінмін. Міне, гимназия қабырғасында әр сыныпта білім алып жүрген өрендердің сахнаға бейімі бар, құлшынып тұрғандарын баулып жүргеніме бесінші жылдың жүзі болды.
-Үйірмеге «Қарагөз» атауын үкілеп қоюдың сыры неде?
-Мұнда балалардың таңдауына тоқталдық. Мұхтар Әуезовтың атақты трагедиясындағы Қарагөз бейнесі оқушыларыма ерекше ұнағандықтан, солай деп шешкен едік.
-Жуырда сахналық қойылымдар байқауында оқушыларыңыз топ жарғанын естідік. Құтты болсын! Сол өнер бәйгесі жайлы айта кетсеңіз.
-Рақмет! «Жыл актеры және театр сатылары» атты байқау «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында ұйымдастырылды. Оқушылар «Абай жолынан» Абайдың Ділдәға үйленуі, Абай мен Тоғжанның қоштасуы, ушыққан жер дауы секілді әр оқырманға жақсы таныс үзінділерін сахналады.
-Жас өнерпаздар тартысында «Абай жолын» сахналау тым күрделі болған жоқ па? Неліктен осы роман-эпопеяға тоқталдыңыз? Кәсіби білікті актерлардың кеңесіне жүгіндіңіздер ме?
-Театр үйірмесіндегі әр баланың бойында әдебиетке деген құштарлықтың ұшқыны барын байқадым. Ал біздің ұлттық құндылығымыздың қазынасы, асқақ рухымыздың мөп-мөлдір болмысы әдебиетте жатыр десек, бұл үлкен дарияға күмп бермес бұрын, әр қазақтың қара домалағы «Абай жолындағы» Әуезовтың зәмзәмынан сусындауы қажет. Тіпті, бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Шынтуайтына келгенде, оқу-тоқу бір бөлек, сол жауһар дүниені жүрек сүзгісінен өткізіп, сахна арқылы көрерменге сезім лавасын лақ еткізу деген – тіптен бөлек дүние. Балалар біршама қиналды. «Кеңесе пішкен тон келте болмас» дейді қазақ. Үйірменің өз күшімен алып шықтық.1daf7a5f-f906-4a36-b486-09679c0ef6f0
-Қай сынып оқушылары жұмылдырылды?
-Оныншы, он бірінші сыныптағы жеткіншектер өз өнерін көрсетті.
-Қойылымның сезімнің сым пернесін басып, жүрек қылын шерте отырып көрерменге әсер етуі әсте актерлық шеберлікті қажет етеді әрі әр кейіпкердің  сыпат-тұрқы, әлпет-кескіні де маңызды. Абай дәуіріндегі қазақтардың болмысын көрсетуде, киім-кешектерін әзірлеуде мектеп әкімшілігі қол ұшын созды ма?
-Мектеп әкімшілігі тарапынан айтарлықтай көмек болды. Кейіпкерлердің пошымын шығармадағы қалпына маңайлату үшін беттерін бояп-сылауда да (грим) өздерінің қабілет, қиялдарына жүгінді.
-Үйірменің мектеп ішілік шаралардағы маңыздылығына тоқталсаңыз.
-Мұғалім – мектептің миы болса, театр үйірмесі – лүп-лүп еткен жүрегі һәм рухани тірегі. «Қарагөз» құрамына енетін жастар мемлекеттік мерекелерге арналған салтанатты шаралардың басы-қасында жүреді. Жылда Ұлы Жеңіс мерекесін, Желтоқсан трагедиясын тақырып тұздығы етіп, сахналық қойылым әзірлейміз.
-Алдағы жоспар қандай?
-Қалалық театр додасының үшінші кезеңіне жолдама алдық, ол  сәуірдің он жетінші жұлдызына белгіленді. Шартқа сәйкес, еліміздегі кез келген басқа ұлттың ертегісін сахналау міндеті тұр. Уақыт жеткілікті, балалар қазірден ізденіске кірісіп кетті. 
-Өнер бәйгесінде бақ пен бап қатар шапсын!
-Айтқаның келсін!
-Сұқбат бергеніңізге рақмет.

Осылайша, ардақты ұстазыммен болған сұқбат тәмамдалды. Үзіліс аяқталып қалды білем, балалардың алғашқы легі «апайлап» сыныпқа еніп те үлгерді. Мұғалимамның жанарындағы сол сәттегі айтып жеткізуге болмайтын ұшқын неткен тартымды, неткен мейірімді еді… Қаншама жыл өтсе де, өз ісіне деген махаббат оты сөнбеген, сөнбейді де! Оқушылар мен ұстаз арасындағы өрбіп бара жатқан әңгімені бұзып алмайын деп, ишаратпен қоштасып, ақырын басып сыныбымнан шықтым. Кеудені осындай мықты маманның шәкіртімін деген мақтаныш кернеп барады. Төрдегі Мұзбалақтың портреті міз бақпай сол орнында қалды.«Ұстазы бар шәкірттің қанаты қайырылмайды!»

Нұрқанат НҮСІПХАН

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓