Өрелі істердің өрісі кең

          Тоғыз жолдың торабында орналасқан Әулиекөл ауданы мыңғыртып мал өсіреді, егін де егеді. Соңғы жылдары өңірде кәсіпкерлік саласы қарқынды даму үстінде. Сондықтан, ауданның   экономикалық-әлеуметтік дамуында ілкімділік байқалады. Өңірде атқарылып жатқан өрелі істер   туралы аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне айтып берді.
          Аудан басшысы әлеуметтік-экономикалық дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы  туралы кеңірек тоқталып, журналистерді толғантқан сұрақтарға тұщымды жауап қайтарды.
          Ж.Тәукеновтің айтуынша, үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айында ауданның өнеркәсіп  өндірісінің   көлемі – 1253,3 млн. теңге (2016 ж. – 834,8 млн. теңге) немесе өткен жылғы есептік мерзіммен  салыстырғанда 150,1%-ке өскен.  Жан басына шаққандағы индекс көлемі – 122,3%-ке тең.  (2016 ж. – 101,2%).
           -Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеушілік басым. Мәселен, қаңтар-сәуір айларында өндірілген өнім көлемі 2559,2 млн. теңгеге жетті Өткен жылы бұл көрсеткіш  2331,6 млн. теңге  шамасында болатын,- деді өз сөзінде Жансұлтан Тәукенов.
            Ауданда 1691 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Солардың 1076 кәсіпкер халыққа нақты қызмет көрсетеді. Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында ауданда жеті жылдан бері «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 17 жоба жүзеге асырылған. 67 жаңа жұмыс    орны ашылыпты.     
            Тұрғын үй құрылысы саласында жылдық жоспар 2100 ш.м. болса, халық қаражаты есебінен 1021 ш.м. пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 102,4%-ке артық. Төрт айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі  81 млн. теңгеге артқан.
           «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға 2017 жылға бюджеттен  81,9 млн. теңге бөлінді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓