Жер ешкімнің жекеменшігінде емес
Облыста 235 мың егістік жер еш кәдеге жарамсыз. Ал бос жатқан жайылымның көлемі миллион гектардан асады. Бұл туралы облыс әкімі Н.Садуақасовтың қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілісте жан-жақты сөз болды.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің "бас ауруына" айналған жер мәселесі арада бірталай уақыт өткенімен әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Өңір басшылары төрт жылдан бері әрбір сүйем қарыс жерді тиімді пайдалану туралы айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ, одан шыққан нәтиже шамалы. Әсіресе, облыстың оңтүстік өңірлерінде игерілмеген егістік алқаптары көп. Енді соларды мемлекет меншігіне қайтару қажет.
Бұған дейін шаруалардың игілігіне берілген әр гектар алқаптың мақсатты түрде пайдаланылуы және ауыл шаруашылығын әртараптандыру төңірегінде мәселелер көтерілгенімен, тусырап жатқан жерлерге ешкім соқа тісін ти-гізбеген. Ендеше, өз істеріне салғырт қараған шаруалардың жерлерін алып, оларды қолынан іс келетін инвесторларға беру жұмысын қолға алудың уақыты жетті. Бірақ, бұған тексеруге қойылған уақытша мораторий мүмкіндік берер емес.
Жалпы, осыған дейін 600-ге жуық меморандумдар жасалған көрінеді. Дегенмен, жайылым және егістік жерлерді тиімді пайдалану туралы аудандық әкімдіктер мен ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің арасындағы келісім-шарт орындалмаған. Осындай олқылықтарды қатты сынға ала келіп, аймақ басшысы аудан әкімдеріне ескерту жасады.
– Меморандум жасағанда екі жақты қол қойылады. Яғни, онда сіздердің қолдарыңыз тұр. Егер орындамасаңдар, оған қол қоюдың қажеті қанша?! Мен сол жұмыстың сапалы атқарылғанына күмәнім бар. Егер тауар өндіруші өз міндетін атқармаса, онда шартта басқалай бап болуы тиіс. Яғни, өз міндетіне жауапсыз қараған шаруалар ол жерден бас тартуы керек. Ал, мұндай баптың жоқтығына шүбәсізбін, – деді облыс әкімі.
Н.Садуақасов барлық меморандумдарды толық тексеріп шығуға тапсырма берді. Егер жасалған келісім-шарттарда жоғарыда айтқанымыздай жерді мақсатты пайдаланбаған жағдайда, одан кәсіпкердің өз еркімен бас тартуы туралы бап болса ғана қабылданады деп ескертті ол.
Айбек Кәдірұлы