“Дублер күнінің” берері көп
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен салалық басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) өкілдері арасында "Дублер күнін" өткізу шарасы жалғасуда. Бұл жолы "Қостанай таңы" газетінің кезекті "Дублер күні" облыстық дін істері жөніндегі басқармада өтті.

– Елімізде дін мәселесі маңызды, – деді Нұриқан Қажымұқанұлы. – Облыстағы барлық діни шаралар біздің қатысуымызбен өтеді. Айта кетерлігі, Қостанай облысында діни ахуал тұрақты.
Нұриқан Нөгербековке бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы жақсы таныс. Ол дін істері басқармасы басшысына дейін облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған еді. Нұриқан Нөгербеков 1955 жылы Қарасу ауданының Төлебай ауылында туған. 1985 жылы КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Қостанай педагогикалық институтын "тарих және қоғамтану" мамандығы бойынша тәмамдаған. Ұзақ уақыт бойы ауылда және облыс орталығында әкімшілік қызметтерді атқарды.
Нұриқан Нөгербеков өзінің қызметтік міндетін таныстыру кезін-де облысымыздағы діни ахуалға тоқталып өтті. Оның айтуынша, өңіріміздегі әділет органдарында 112 діни бірлестік тіркелген. Аталған көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 9 бірлестікке артық. 34 ислам, 34 православ, 4 католик, 40 протестант және дәстүрлі емес бірлестіктердің қарамағына жүзге жуық діни орындар бар.
Бұған дейін де аталған басқарма арасында біздің редакциямен жақсы қызметтік байланыс жолға қойылған. "Дін" тақырыбы "Қостанай таңының" назарынан тыс қалған емес. "Дінің-діңгегің" айдарымен берілетін мақалалар осының айғағы десе де болады.
Менің бір күндік қызметімде дін істер жөніндегі басқарманың біз білмейтін, біз аңғармайтын қырлары көп екен.
Шұға Қоңқабай