Парақор екі айға тұтқындалды
Рудный қалалық соты бұдан бұрын пара алу барысында ұсталған Рудный қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Досполовқа қатысты 2 айға «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Индира Құсайынова хабарлады.
«Ол екі айға қамалды. Осы уақыт ішінде тергеу жұмыстары жүргізіледі. Оны қамауда ұстау мерзімі ұзартылуы мүмкін», – деп түсіндірді Құсайынова.
Айта кетейік, Досполов «Пара алу» бабы бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілінді. 12 мамыр күні сағат 19.00-де Қостанай облыстық жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро департаменті Рудный қаласы әкімінің орынбасарын 15 млн теңге көлемінде пара алу кезінде ұстады. Ол параны «Өркен» ЖШС мердігер ұйымына жалпы жақтаушылық жасау мақсатында алған.
Сол 12 мамыр күні М.Досполов пен У.Мүсірәлиев Рудный қалалық ІІБ уақытша қамау оқшаулағышына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.