Жер – мемлекеттік инспектордың назарында

Қостанай облысында ауылшаруашылық жерлерін бөлуді енді мемлекеттік инспекторлар бақылауға алады. Қостанай облысында соңғы екі жылда 16 мың гектар жер мемлекеттік қорға қайтарылған, бұл елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш тағы да артуы мүмкін.
Қазір облыста мал бағатын жайылымдар азайып кеткен. Соңғы үш жылда облыстық жерді пайдалану және қорғауды бақылау басқармасы 332 мың гектар жерге бақылау орнатқан. Ресми дерек бойынша, 60 жер пайдаланушы бар.
«Бұл аумақтардың басым бөлігі – жайылым, 70 мың гектары – жыртылған жер. Облыс бойынша жағдай осы. Науырзым, Қарабалық, Таран аудандарында жер пайдаланушылар өте көп, олардың ішінде қаскөйлер де бар. «Береке-астық» ЖШС-тан көп зиян келді, біз оларды іздеп жатырмыз», – дейді Қостанай облыстық жерді пайдалану және қорғауды бақылау басқармасының бөлім басшысы Әсел Табергенова.
Оның айтуынша, бұдан былай ауылшаруашылық жерлерін бөлуді енді мемлекеттік инспекторлар бақылауға алады.
«Енді жердің бөлінуін мемлекеттік инспекторлар бақылайды. Бұл функцияларды кім атқаратынын аудан әкімі шешеді. Көктемгі егіс науқаны аяқталысымен аудан әкіміне бағынатын мемлекеттік инспекторлар тексеруге шығуы тиіс», – дейді ол.
Ресми деректер бойынша, Қостанай облысында жайылымның аумағы 12 млн гектарды құрайды, бұл өңір аумағының 67%-і деген сөз. Сарапшылар жер инспекторлары өңірдегі жер бөлінісін ретке келтіреді деп сеніп отыр.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓