Ауыл болсаң, қауым бол
Қазақ халқы ата дәстүрі мен дінінен әманда жаңылған емес. Сол игі амалдардың бірі – ислам дінінің қанат жайып, өміршең болуына себепкер болған, адамзаттың асылы Мұхаммед с.ғ.с дүниеге келген сәті. Исі қазақ күні бүгінге дейін бұл мейрамды атап өтеді. Жер-жерлерде ас беріліп, сәруардың дін исламға сіңірген еңбегін, оны тарату жолында көрген қиыншылқтары мен салиқалы амалдарын насихаттайды. Ғасырлар бойы үзілмеген мереке Ұзынкөл ауданына қарасты Обаған ауылында жалғасты. Бұл елді мекен Ресей шекарасының түбінен орын тепкен, бір қызығы, соған қарамастан ауылда тегіс қазақтар қоныстанған. Теріскейде тұрса да, тұрғындар ата салтына, тілі мен дініне берік. Шыбықты тұлпар қып мінген балақайлар «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем берсе, қыздары көрген сайын ізет білдіреді. Көрші елден тай қолтығы терлеп үлгермейтін маңда тұрғанымен, бұл мекенге сонау Кеңес үкіметі тұсында да ұлты бөлек, діні басқа жандар келіп паналамаған дейді ауыл қариялары. Шалғайдағы шағын ауылға ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы, қалалық мешіттің бас имамы Шоқан қажы Ғазизұлы сынды сыйлы қонақтардың келуі бекер емес. Оның бір себебі, ауыл ақсақалдарының мұрындық болуымен жаңа саябақтың негізі қаланды. 83 жасқа қараған Қабдолла қажы Ахметжанов сол үшін Рудный қаласынан мың түп ағаш әкелген. Жасыл желекті ауылдықтар жаңа алаңға екті.-Біз бұны былтыр ойластырғанбыз. Егемендіктің 25 жылдығына арнағымыз келген. Десекте, Алла сәтін енді салды. Мың түп ағаш әкелдім. Оның ішінде ақ қайың, ақ қараған, үйеңкі, қарағай, сүмбіл терек бар. Осындай сәтте жұмыла кеткен жігіттерге алғысым шексіз. Алаңның сыртын қоршап, қолқабыс еткен азаматтарға Алланың нұры жаусын. Құдай қаласа, кіреберіс маңдайшасына «Егемендік саябағы» деп жазамыз. Мынау сүмбіл терек екі жүз жылдан артық өседі, бұйырса, келешек ұрпаққа сая болады,-дейді қазыналы қария.
Айрандай ұйып, бірілігі жарасқан обағандықтар саябақтың сәніне аса мән беріп отыр. Келешекте спорт алаңдары мен сахна орнатуды көздейді. Бұл ретте жерігілікті кәсіпкер Болат Қарабаевтың да еңбегін атап өткен жөн. Ол өз техникасын беріп, басқа да жұмыстарға көмек қолын созып отырған жайы бар.
-Әуелі селолық округ әкімі Нұржан Малдыбайұлы мен құрметті ақсақал Қабдолла қажының ұсынысы болатын. Біз қостадық, былтыр күзден бастап маңайды қоршадық. Бұл бір санаулы адамдардың ғана еңбегі емес, түгел ауыл тұрғындарының үлесі,-дейді кәсіпкер. Обағандықтардың осы әрекетіне қуанбасқа болмас. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін тал отырғызып, туған жерлерінің мерейін асыруды армандайды. Меймандар іштей сүйсініп, ауыл тұрғындарының бастамасына ризашылықтарын жеткізді. Әуелі ата-баба рухына құран бағыштап, әр талдың мәуелі ағаш болып өсуіне ақ батасын берді.
Жиынның екінші себебі – мәуліт тойы. Осы ауылдың тумасы Ермек Иманбаев шағын ғана кәсібінің нәсібін көріп отырған азамат. Хақ жолында жүрген бауырымыз жұмыртқадай ғана ауылына сыйлы қонақтарды шақырып, сауапты амал жасауды бұрыннан арман еткен екен. Сол мақсатына жетіп, игілікті шараны жоғары деңгейде ұйымдастыра білді.
Өкіл имам жиналған жамағатқа жақсы уағыз айтып, Алла жолынан адаспауға шақырды. Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с жайында, оның өмірінен сыр шертетін бейнебаян көрсетілді. Сондай-ақ, жыршы-термеші Абзал Алпысов бар өнерін ортаға салды. Бақытбек қажы шара соңында обағандықтарға алғысын жеткізді:
-Сіздер пейілдеріңіз ашық, абзал жан екенсіздер. Бүгін қос бірдей сауапты амал жасап, басқаларға үлгі болып жатырсыздар. Аядай ғана ауылдың бірлігіне куә болдық. Ағаш егу – сүннет амал. Бұның сауабы, Құдай қаласа, ұзақ жылдарға созылады. Ас беріп, пайғамбарымызды ұлықтаған екенсіздер, жаратқан барлық дұғаларыңызды қабыл етсін. Сіздерге бақ-береке, ынтымақ тілеймін,-деді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор.