Балалар зиянды ойындардан қорғалады
ҚР Парламентінде Қазақстанда баланың дамуына зардап тигізетін ақпараттан қорғауды көздейтін заң жобалары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарт. «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерту мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымын өткізіп жатырмыз. Осы заң жобаларына Парламенттің бір топ депутаты бастамашылық етті. Заңнаманың дидары өзгерді, даму қарқыны алапат. Ақпараттың тасқыны кезеңінде оның зардабынан балаларды, жас ұрпақты қорғаудың маңыздылығы күн тәртібіне шығып отыр», – деді Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан таныстырылым барысында.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасының мемлекеттің «баланы қалыпты дамуына зардабын тигізетін ақпарат пен материалдардан қорғаудың тиісті қағидаларын» әзірлеуді қамтамасыз ету міндеттерін сақтауына ықпал етуге, сондай-ақ баланың өзінің құқықтарына, атап айтқанда «ақпарат пен кез келген түрдегі идеяны іздеу, алу, беру бостандығына» қажетті шектеулерді белгілеуге арналған.
"Заң жобасының міндеті балаларды физикалық және психикалық денсаулығына, имандылық, рухани, психикалық, физикалық және әлеуметтік жағынан дамуына зардабын тигізетін ақпараттан, оның ішінде зорлық-зомбылық пен қатыгездікті, порнографияны, қоғамға жат әрі құқық бұзушылық әрекетті насихаттайтын баспа, дыбыс пен бейне өнімдерін, электрондық және компьютерлік ойындарды таратудан қорғаудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері мен заңнамалық кепілдіктерін енгізу болып табылады. Осы орайда әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесі ескеріліп отыр", – деп нақтылады Б.Тілеухан.
Атап айтқанда, ілеспе заңның жобасында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Білім туралы» және « Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Заң жобасында балаларға тыйым салынған ақпараттық өнімді кәмелетке толмағандарға таратқаны, балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты белгілеу көзделеді.