Елдіктің белгісі

Кіші  арғынның   Әйдерке  буынынан  тараған  Қожагөл би  Бабастың  жеті  ұлының  үлкені  болып  есептеледі.  Қожагөл   заманында  ел  арасында  кең  тараған  жер  дауы,  жесір  дауы,  сондай-ақ,  көршілес  рулармен даулы  мәселелерді  әділ  шешіп,  әр  шаңырақ иесін,  жеке  отбасының  ынтымақты  болуына, өсіп  өркендеуіне жағдай  жасаған. Ағасы  Есенаман  дүниеден  ерте  қайтып,  артында  жас  баласы  Атымтай  қалғанда,  туған  бауырлары   ақылдаса  келіп,  Қожагөлдің  қамқорлығына  беріп,  оны   кісі  есігіне  телміртпей, шаңырағын бұзбай, жеке шаңырақ  иесі еткен. Жас  жігітке  өз  жері –Тамқамысқа  жақын орналасқан Торғай өзенінің бір  саласы болып есептелетін Қарасу жиегінен жер бөліп берген. Кейіннен бұл жер  Атымтай Қарасуы деп аталып кетті. Бүгінде Атымтай ұрпақтары бір рулы елге айналған. Бұл әулеттен  ел басқарған азаматтар – шаруашылық саласында еңбек еткен, сол сияқты мемлекеттік қызметте жүргендер, денсаулық, мәдени, білім саласында көзге түсіп, үкімет тарапынан марапатқа ие болған талай  азаматтың шығуы, әркім өз еңбек жолында әділ аянбай еңбек етуі Қожагөл Атымтай бабаларымыздың шапағаты болар.
Атымтай атамыздың ұрпақтары әр салада еңбек етіп, халық алғысына бөленді. Ел ағасы болған Қайырбек Алматов – ұстаз, қоғам қайраткері деңгейіне жеткен нағыз ұлтжанды азамат еді. Ол кісі өзінің еңбек жолын қарапайым  мұғалімдіктен бастап,  мектеп директоры, Жанкелдин  аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, кейіннен аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. Андағұл  атамыз көп  жыл аудандық  аурухананың  шаруашылығын  басқарды. Қамбар Ыбырайұлы  ағамыз тұтынушылар  кооперативінде жұмыс істеді. Адал еңбек етіп,  ел ішінде құрметке бөленді. Кәдірхан Ыбыраев аудандық сауда саласында басшы болып қызмет атқарды. Жауғашты  Ыбыраев шаруашылықта бас экономист, аудандық жоспарлау бөлімінде, аудандық партия комитетінде  бөлім басқарды.
Тарих тереңіне бойласақ, Торғайдың   ауқатты қазақтары мен татарлары патша үкіметі тарапынан орыстандыру, шоқындыру жаппай белең алғанда  балаларының  шоқынып кетуінен қорқып, қалада мешіт салдырған. Бұған  жетекші болуға Тамқамыс қыстауында ауыл балаларына сабақ беретін  жас молда Байтуды лайық көріп, Торғай қаласына алдырған көрінеді.  Байту Торғай қаласында мешіт ашып, медреседе сабақ берген тұңғыш діни қайраткер, ағартушы. Торғай уезінде Байту жиырма сегіз жыл  бас имам болды. Дәріс алғандардың ішінде  қазақтың белгілі ағартушы ғұламалары
Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы да бар.
Байтудың ұлы Салық та  діни қайраткер, молда болыпты. Уфа қаласындағы Ғалия медресесінен білім алған. Әкесі Байту қайтқаннан кейін орынына Торғай мешітінде имам болған. 1928 жылы Воронеж қаласына жер аударылып, 1935 жылы елге келіп дүние салды. Байту Асанұлы мен Салық Байтуұлының еңбектері ескеріліп, Аманкелді ауылдық кеңесінің 2007 жылғы  27 қазандағы  шешімімен Шеген ауылының  бір көшесі  Байту мен Салық көшесі деп аталды.
Соғыс жылдары  қолынан іс келетін азаматтар шығырмен су шығарып, егін екті. Ауылдың үлкендері Хамза Сағынайұлы, Тілеубай Көлбайұлы  бас болып шығырмен егін егіп, тарыдан мол өнім жинады. Сөйтіп, колхоз мүшелерін аштықтан аман алып қалды. Хамза Сағынайұлы ағамыз темірден түйін түйетін ұста кісі еді. Кейінгі кезде  ат баптаумен айналысып, сәйгүліктері талай бәйгені еншілегеніне куәміз.
Торғай ауданында алдымен серіктестер құрылып, кейіннен колхозға айналғанда біздің ағаларымыз, аталарымыз ұйымдастыруды қолға алып қызмет етті. Ол кезде халықтың тұрмысы ауыр жылдар еді. Техника жоқ, адам күші аз.  Атап айтсақ,  Збан колхозында басқарма төрағасы болған Тойша Төлеубаев, құрылыс мастері болған Садан Кенжебаев, ферма меңгерушісі Әбдісалық Ерғалиев  кейіннен совхоз құрылғанда Қанат Ерғалиев, Талғат Ерғалиев аянбай еңбек етті. Орайы келгенде өмірден озған Ғалымқұл Рахметұлы, Аяпберген Жүсіпұлы, Қаби Байзілдаұлы, Жүсіпбек Қасымұлы сияқты қарияларымызды еске алса еш әбестігі жоқ.  Олар мал бағып, қора салып, шөп дайындап, мал басын  сақтауда қажырлы еңбектерімен көзге түсті.  Шәріп Бектібаев атамыз алғашқы колхоз ұйымдасқаннан бастап қара мал бақты, бәрін өзі дайындайтын.
Бүкіл өмірін қаржы саласына арнап, сапалы жұмыс атқарып, кісі  ақысына қол сұқпауды өмірлік қағидаға айналдырған ағамыз Қабыл-қадыр Шайзаұлының орыны ерекше.  Сол ағамыздан үлгі алған бір топ жастар қаржы саласында еңбек етті. Олар Оңдасын Жүсіпбеков, Тасқынбай Мырзағалиев, Кәкентай Төлеубаев, Тұрсынғали Дүйсенбаев.                         
Торғайда екінші тың көтеріліп, кеңшарлар ұйымдастырылғанда, жаңа заманға сай келетін мал  мамандары кажеттілігі туды. Ауыл шаруашылығына бар өмірін арнаған, жоғары оқу орынын бітіргеннен кейін, Албарбөгет кеңшарында бас маман болып жүргенде, облыс, аудан басшылары өз ісіне тиянақты, қабылеті бар Қайыржан Шайзинді "Торғай" кеңшарына  директор етіп тағайындады. Шаруашылықты жап-жақсы дамыта отырып, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға ден қойды. Ауданда бірінші болып тұрғын үйлерді бір орталықтан жылытатын қазандыққа қосты.  Аудан шаруашылықтарында жоғары білімді бір топ жастар тәрбиеленіп шықты. Мәселен, Тұраш Кенжебаев, Талғат Ерғалиев, Жақсылық Бәлтенұлы, Рахым Хамзаұлы  өз мамандықтарына сәйкес жемісті еңбек етті.
Алматыдағы физика-математика мектебінің түлегі Нұрмұханбет Шайзин бірнеше банк төрағасы болды. Халыққа қамқорлығы мол, жақсы бастама жасап, қаржылай көмек көрсетуді үнемі есте ұстайды. Банк саласында табысты еңбек етіп жүрген Сермұханбет Шайзиннің де  орны ерекше. Темірғали Аяпбергенов қарапайым еңбек адамы, жүргізуші болып, халық құрметіне бөленген жан еді. Кеңес үкіметі еңбегін жоғары бағалап,  "Халықтар достығы" орденмен және көптеген  Құрмет  грамоталармен марапатталған. Ауылдық Кеңестің депутаты болды. Біздер бұл кісілердің еңбегіне құрметпен қараймыз. Әрине, шағын мақаланың ішіне Атымтай, Қожагөлден шыққан, есімдері дүйім елге белгілі азаматтардың есімдерін сыйғызу мүмкін емес.
Ел ішінде: "Өлі разы болмай, тірі байымайды" деген бір сөз бар. Ағайын, туғандармен ақылдасып, жастардың қолдауымен бабаларға белгі қоюды өткен жылдың күзінен бастап ұйымдастыру басталды. Бұл шаруаны алғаш қолға алған Талғат Ерғалиевтың еңбегі айрықша. Ағайын  үлкен ұйымшылдық танытты. Ұрпақтарға бұл шаруа үлкен сын еді. Оны туғандар абыроймен орындап шықты.
 Ұлы адамдардың айтуынша, басқаларға неғұрлым көбірек жақсылық жасаған сайын, өзінің де бағы ашыла береді екен. Еркінге айтарымыз, игілікті ісің өзіңе игілікпен оралсын! Шеген ауылында тұратын туыстарға, аталарыңа көрсеткен қызметтерің үшін алғыс айтамыз.
Ескерткіш алдында тілек білдіргендердің сөздері жиналған көпшіліктің көңілін тербеді. Ас беріліп, аруақтарға  құран бағышталды.
 
Қанат ЕРҒАЛИЕВ,
Шеген ауылдық  ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Жанкелдин ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓