Соңғы түн

IMG_4959цв"Қостанай таңы" жыр мүшәйрасының жеңімпаздары
Бейімбет Майлин  атындағы сыйлық
Серікбай Оспанұлы,
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
 
Баллада
Қап-қара етіп бояған арманды кім?!
Қайда кеткен тәрк етіп жалғанды күн?!
Қара киім кигені жендеттердің,
Қараңғы адам,
Қап-қара қараңғы түн.
 
Майталманы Ана тіл – дана тілдің,
Құшағында Бейімбет қара түннің.
Сүйіп-құшқан кешегі елі қайда,
Биікке ұшқан қайырды қанатын кім?!
 
Қиял қуып түнімен таңдары атқан,
Ақынға адал кім екен жала жапқан?!
Тар қапаста Бейімбет Майлин жатыр,
Арпалысып ойымен жанға батқан:
 
"Жаманшылық жасамай жан адамға
Жетсек деп ек жанымыз қалағанға,
"Бақытқа елді бастаймыз" дегенімен,
Мына үкімет ұқсайды жаралы аңға.
 
Қасірет пен не заман мұң қоршаған,
Біреу бардай түнекті,
Түнді аңсаған?!
Күнге теңеп едік қой көсемдерді,
Жылытпай ма әлемді Күн болса адам?!
 
Ұлы деуге,
Бейімбіз ұлықтауға,
Құрсау барын тиіс ек ұмытпауға!
Бостандық деп күрескен ел бұл күнде
Еркіндікті шыққандай құрықтауға.
 
Арпалысып баламен, анамен де,
Танылдық деп жар салдық бар әлемге.
Қызыл туды көтерген екі қолым
Қып-қызыл қан,
Жатырмын қара еденде.
 
Пенделердің мұндағы қаны қара,
Қап-қараңғы
Тың тыңдайды қабырға да!
Қара жейде,
Кигенім қара шалбар,
Аппақ,
Таза –
Ақ адал жаным ғана!
 
Ұлын да атқан,
Ойланбай қызын да атқан,
Қара мылтық,
Кімді аяр қызыл қақпан?!
Қанды жаға, таққаны қызыл-ала,
Қанды үстелі үстіне қызыл жапқан!
 
Неге ақ емес,
Қызыл түс таңдағаны,
Бұл – жазықсыз жандардың тамған қаны.
Теңдік, елдік,
Бостандық, туысқандық,
Достық, бірлік… –
Әдіре қалған бәрі!
 
Жаңа өмірдің тілеп ем мәңгілігін,
Бақытыма балап ем таңғы нұрын,
Сол еркіндік елесі еңсемді езіп,
Отыз тісімді опырып алды бүгін.
 
Анық енді, Күнжамал, оралмасым,
Сол баяғы Бейімбет бола алмасым.
Ел деп соққан жүрегім сонда менің,
Жазғандарыма ие бол,
Жоғалмасын!
 
Барлық ұлтты деген жан бауыр етем,
Сол халықтың, айтшы елім, жауы ма екен?!
Жан-тәнімен сүйгенді елін, жерін
"Халық жауы" атауы ауыр екен!
 
Жан дауысым шықса егер құлындаған,
Сақтау үшін қызымды, ұлымды аман!
Ашаршылық,
Жалған ба жоқтық бары,
Шындық іздеп жау ма екен шырылдаған?!
 
Мыңға айналып Мерекем – бір өркенім,
Көтерілер шақ туар күні өлкенің.
Халық жауы емеспін,
Халық жауы
Білер ертең ел-жұртым кім екенін.
 
Кімдердің дос,
Кімдердің сұм екенін,
Ненің жарық,
Ненің қара түн екенін,
Ұлы Ертеңім анықтап,
Ақиқатты
Алып келер өзімен нұрлы өркенім!"
 
Азаттықты,
Бірлікті арман еткен,
"Халық жауы" – ауыр сөз жанға неткен?!
…Таң алдында атылды оқ Арына елдің,
Жатты сұлап бір Шындық қанға бөккен…

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓