ӘР қазақтың төрінде тұрса…
Қазақтың жас жігіттері "Электронды қазақ үй" жобасын қолға алып, ел игілігіне жұмыс істей бастады. Бәріміз ел-жұрт болып бұл жобаны қолдасақ керек еді. Бірақ, бұл жоба тағы да қазаққа емес, тек әлгі шыр-пыр болып жүгіріп жүрген ат төбеліндей жас-тарға ғана керек дүниедей тым-тырыспыз. Әрбір қазақтың төрінде тұруы тиіс электронды киіз үй емес пе, тәйірі? Неге дейсіз бе? Айталық. Электронды киіз үйді алып сәбиіңізге ертегі тыңдатыңыз, қазақтың ғажайып ән-күйімен бөбегіңізді әлдилеңіз.

Киіз үйге көне түрік дүниесінің (қазақтың) барлық ғаламат дү-ниетанымы сыйып тұр емес пе? Ал енді сол "кіші әлемнен" ән, күй, ертегі, бесік жыры, Абайдың қара сөздері "құлаққа жетіп, бойды алып" тұрса, одан артықты аңсаудың қажеті де жоқ шы-ғар… Айтыңызшы, балалардың қуанышына не жетсін?! Оларға рухани нәр беру материалдық игіліктерімен қамтамасыз етумен пара-пар, тіпті бүгінгі азып-тоз-ған қоғам межесімен қарағанда одан да жоғары тұрған кез келген ата-ананың парызы емес пе? Тек балалар үшін емес, өзіміз үшін керек екен. Шаршап, қажығанда сазбен тербетіп, қуат пен шуақ сыйлайтын, еңсе түскенде бойға рух бітіретін "Ұластың" бұл өнімі әрбір қазақтың үйінен табылса ғой, шіркін! Ғалымбек Қызырбекұлы, Жар-қын Сәленұлы тәрізді бастамашыл, табанды азаматтардың жұлдызы жоғары, мерейі үстем бола берсін дейміз!
Тұрсынбек Кәкішев, филология ғылымының докторы, профессор:
– "Қазақ боламын" деген ұрпақ өзінің тілін, фольклорын білмей, әдебиеттерін оқымай, мәдениетін қадірлемей еш уақытта көздеген мақсаттарына жете алмайды. Электронды киіз үйдегі ертегілер мен жырлар қазақтың жас ұрпағын ұлттық дәстүр жолына түсірері анық.
Арман Әубәкір