Адамзаттың абзалына құрмет
Өңіріміз қасиетті Мәуліт мерекесін тойлауда. Әлемнің рақым нұры, екі дүниенің сәруары, пайғамбарлардың сұлтаны Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні – исі мұсылман үшін сағындыра келетін қуанышты айлардың бірі. Қостанайдағы «Мирас» мәдениет үйінің залы халыққа лық толып, сыймағандарының қосымша орындықтар қойып, кейбірінің сырттан тамашалауы Алла елшісіне деген зор құрмет екені анық. Мерекенің құрметіне мәуліт-шариф оқылып, пайғамбарымызға салауаттар айтылды, дұғалар бағышталды.
Алла елшісінің туған күніне ұйымдастырылған шараның шымылдығы өңіріміздің ағарту саласы ғана емес, рухани өміріне де елеулі үлесін қосқан тұлға, хақ исламды қадір тұтқан ұлағатты ұстаз Ыбырай Алтынсарин бабамызға арналған «Ұстаз арманы» күйімен ашылғанын айта кетейік. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов жетекшілік ететін Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрі белгілі сазгер Ермұрат Үсеновтің шығармасының осы сахнада тұсауын кесті. Ал асыл дінімізді кішкентайынан дәріптеп жүрген жасөспірімдеріміз баршылық. Мерекеге арнайы Арқалық қаласынан жеткен бүлдіршін Дінмұхаммед Бектұрсынұлы «Ләббәйкә Алла» әнін орындаған кезде залдағы әжелер түрегеп келіп, ақ баталарын беріп жатты.
Мерекелік жиынның алғашқы сөзін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев алып, аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтың құттықтау лебізін жеткізді. Ал мәні зор мәжіліске Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ақпараттық насихат тобының мүшесі Ризабек Батталұлы арнайы келіп қатысты. Мәртебелі мейман пайғамбарымыздың өмірі мен кейінгі үмбеттері алдында орындап кеткен жауапкершілігі жайында сөз бастап, бүгінгі қоғамның өзекті мәселелеріне тоқталды:
– Діні мен дәстүрі ұйысқан қоғамда бейбітшілік орнайды. Біз ата-бабамыздан келе жатқан тектілігімізді сақтай білсек, тастанды бала, жетімдер үйі, қарттар үйі деген болмас еді. Міне, осы олқылықтарды жеңетін – имандылық, берік дінің мен дәстүрің.
Бүгінгі таңда мешіттеріміз жастарды тура жолға бастап отырған басты рухани орда болса, өңірлердегі өнер ошақтарының да кейінгі буынның адасып кетуіне жол бермей келе жатқанын айтуымыз керек. Жазушы-драматург Ақылбек Шаяхметтің өмірдің ащы шындығын бейнелейтін «Өкініш» спектаклі дәл қазіргі тасбауыр қоғамның дертін тап басқандай. І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы сахнада аталған қойылымнан үзінді көрсеткенде, көпшілік көз жасына ерік берді.Дегенмен ортаға қазақтың марғасқа ұлдарының бірі белгілі айтыскер Айбек Қалиев пен елдің аяулы қызы Салтанат Өтелбай шығып, сөз жарыстырғанда, халықтың еңсесі көтеріліп қалды. Бұл жерде пайғамбарымыздың ұлы тұлғалығын насихаттаған қос ақын жарасымды әзіл-қалжыңды да ұмыт қалдырған жоқ. Ал қашанда елдің мұңы мен кемшілігін айтып, қоғамдағы былық-шылықты әшкерелеп келе жатқан Айбек ақынның бұл жолы да ешкім аузына қақпақ қоя алған жоқ. Әсіресе, Марал Ишан мешітіне қарайтын ғимараттың кезінде банкке кепілге беріліп, енді соның әлі күнге қайтпай отырғанын жеткізіп, мұндай келеңсіздік атқамінер ағайынға үлкен сын екенін жеткізді.Жалпы, өңірімізде дініміздің көркеюіне, мешіттеріміздің гүлденуіне, қамқорлыққа мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап келе жатқан жомарт жандар аз емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл-имамы Бахытбек Тәжімбет бірқатар жүрегі ізгі азаматтарға алғыс хаттар тапсырды. Соның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының алғыс хатымен белгілі журналист О.Жақсанов, Қостанай мұнай өнімдері қауымдастығының президенті Р.Фазылов, мешіт қызметкері М.Жүсіпов марапатталды.
Жылда салтанатты шарадан кейін қалталы азаматтар жиналып, жұртшылыққа ас беретін. Ал биылғы Мәуліт мерекесінде басқа бір игі іс қолға алынып отыр. Бұл жолғы садақа асты елге белгілі Аймағанбет Спанұлының ұрпақтары бастап, қаладағы «Сәтті» мейрамханасында 150-ге тарта жағдайы төмен отбасыларының балалары мен жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне берді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.