Техникалық жаңарту – даму кепілі
Өндірістің тиімділігін арттыру – Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінде бастау алған «Трансформация» бағдарламасының басты идеяларының бірі. Жоба аясында кәсіпорынның Қашар алаңында №088 тарту агрегаты мен HITACHI ЕХ 3600 маркалы экскаваторына күрделі жөндеу жүргізілді. Инвестицияның жалпы көлемі 1 млрд теңгеден асып түсті.
Қашар алаңындағы темір жол – көлігі тау массасы мен кенді тасымалдаудың басты құралы. Сол себепті, өндірістік жоспарлардың орындалуы, көп жағдайда, осы техникалардың үздіксіз жұмысына байланысты. Жуырда №088 тарту агрегаты күрделі жөндеуден өтіп, оның пайдалану мерзімі 12 жылға ұзартылды.
– Аталмыш агрегат зауыттан 1984 жылы шығарылған. Оны екінші мәрте қайта жаңғыртудан өткізіп тұрмыз. Жөндеу барысында көптеген тораптар ауыстырылып, техниканың өрт қауіпсіздігін арттыратын кабель өнімі 100 пайызға жаңартылды. Бұл мақсатқа 240 миллион теңге жұмсалды. Алайда құйылған қаражат өзін-өзі ақтайтындығына сенімдімін, – дейді «ССКӨБ» АҚ Жөндеу департаментінің бөлім басшысы Александр Гладышев.
Компанияның техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша вице-президенті Жәнібек Байғабылов жылына темір жол көліктерін жаңғыртуға шамамен 7 миллион АҚШ доллары бөлініп, оған 50 шақты техника түрі жөнделетінін айтады. Биыл Қашар алаңындағы 064 және 096 нөмірлі тарту агрегаттарын да кең ауқымда жаңарту күтіп тұр.
– Қазіргі таңда HITACHI ЕХ 3600 маркалы экскаваторы да 840 миллион теңгеге толығымен жаңғыртылды. 2009 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан техника мотосағат бойынша өз ресурсын тауысып біткен еді. Соның әсерінен техниканың өнімділігі төмендеді. Күрделі жөндеу бұл олқылықтың орнын толтырды, – дейді ол.
Мамандардың есептеуінше, жаңартудан кейін экскаватордың өнімділігі шамамен 12 пайызға өсіп, қуаты айына 190 мың текше метр тау жынысын жүктеуге жетті.
– Кәсіпорында «Трансформация» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Басты мақсат – өндірістік шығындарды азайтып, еңбектің өнімділігін арттыру. Жобаның маңызды бағыттарының бірі – техникамен қайта жарақтандыру. Бұл бірлестіктің дамуын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек, – дейді «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ