Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру
ҚР Ұлттық Банкінің директорлар кеңесі осындай бағдарламаны мақұлдады.
Ұлттық Банк «Проблемалық несиелер қоры» АҚ 130 млдр.теңгеге қаржыландырмақ. Ал қор өз кезегінде бұл қаржыны екінші деңгейлі банктерге 20 жыл мерзімге 2,99% жылдық үстемақымен депозитке салмақ. Екінші деңгейлі банктер бұл ақшаны тұрғын үйге берілген ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға бағыттайды.
Бағдармаламаның мақсаты ипотекалық борышкелердің басым бөлігіне қарыз жабуды жеңілдету, проблемалық несиелер санын азайту және экономиканың долларға тәуелділігі деңгейін төмендету болмақ.
Қайта қаржыландыруға 2004-2009 жылдары берілген, тек бір ғана пәтер кепілдікте тұрған ипотекалық несиелер жатады. Қаржылық бұл шара келесі шарттар бойынша жүзеге асады: 3% жылдық үстемақы, мерзімі 20 жылға дейін ұзартылады. Бағдарлама тіпті негізгі қарызды түгел жабу сияқты жеңілдік түрін де қарастырып отыр.
Ипотеканы шетел валютасымен алғандар, 2015 жылдың 1 қаңтары жағдайында әлеуметтік аз қамтылғандар санатына жататын азаматтар, несиені ұлттық валютамен алған, бірақ оны уақытылы төлей алмайтын адамдарға қайта қаржыландыру мүмкіндігі беріліп отыр. Сонымен қоса, сот актілері заңды күшіне енген тұрғын үй ипотекалық несиелері осы бағдарламаға кіреді.
Борышкерге төлем жүргізуді жеңілдету үшін негізгі қарыздың қалдығы қайта қаржыландырылады. Ал үстемақылар бойынша қарыз, банк комиссиясы, қайта қаржыландыру бойынша несие иесінің тұрақсыздығы үшін ақы алынбайтын болады.
Шетелдік валютамен алынған ипотекалық несие қайта қаржыландыру жасалған күндегі Ұлттық Банктің ресми валюталық бағамымен есептелмек.
Сот актісі күшіне енген ипотекалық несие бойынша қайта қаржыландыру негізгі қарыз сомасы бойынша жүзеге асырылады.
Қайта қаржыландыру кезінде банктерге қандай да болмасын коммисия немесе басқа да ақы алуға тыйым салынады. Аталмыш бағдарлама бойынша 20 мыңнан астам ақшалай борышты төлеу жеңілдетіледі. Олардың 5 мыңнан астамы әлеуметтік аз қамтылған азаматтар болмақ.
Махаббат Бекбай