Өз-өзіңе қызмет көрсет

Рудный қаласында көліктерге техникалық қызмет көрсететін ерекше станция ашылды. Ерекшелігі сол, бұл жерге келушілер өз темір тұлпарын өзі қарап, өзі жөндейді. Ол үшін қажетті жағдайдың барлығы бар. Қалалық ерікті мүгедектер қоғамының бұл жобасы БҰҰ Даму бағдарламасының қаржылай көмегі арқасында жүзеге асып отыр.
Естеріңізде болса, жыл басында қоғамдық бірлестік халықаралық ұйымның 1,5 миллион теңгелік грантын жеңіп алғандығын хабарлаған болатынбыз. Бұл қаражатқа техникалық қызмет көрсету орталығы үшін түрлі слесарлық аспаптар мен құрал-саймандар, көлік пен оның қозғалтқышын көтеретін кран, көлікті жөндеуге қажетті басқа да жабдықтар сатып алынды.сто
– Орталықтың өз шеберханасы, 3-4 көлік сыятын гаражы бар. Клиенттер өз көлігін өздері жөндей алады. Қажет болса, біз де қол ұшын созуға дайынбыз. Алдағы уақытта мұнда кәдімгі техникалық қызмет көрсету станциясында жүргізілетін барлық жұмыс түрлерін қамтымақпыз, – дейді станция механигі Василий Бат.
Бұл – экономикалық емес, әлеуметтік жоба. Себебі басты мақсат – қолынан іс келетін мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту. Қазіргі таңда станцияда 3 адам жұмыс істейді. Болашақта қызмет көрсетудің түрлерімен қоса жұмыскерлердің де санын 10 адамға жеткізу көзделген.
– Біз грантты жеңіп алған кезде қатты қуандық Бұл, бір жағынан, мүгедектер үшін жұмыс орындары. Екіншіден, дағдарыс жағдайында кез келген көлік иесі үшін өте үнемді. Айта кетейік, станцияның жанында өз-өзіне қызмет көрсететін көлік жуу орталығы қайта іске қосылды. Қызмет құны – 350 теңге ғана, – дейді бірлестік төрағасы Санаш Есжанов.
Санаш Сағындықұлы қолға алынған жобалар тек бастамасы ғана екендігін айтады. Өйткені алдағы уақытта қаланың еңбекке жарамды барлық жұмыссыз мүгедектерін жұмыспен қамтуға бағытталған ірі-ірі жобалар күтіп тұр дейді ол. Ендеше, істеріңізге тек сәттілік тілейміз.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓