Орташа есеп – он центнер
Облыс диқандары күзгі егін ору науқанына кірісіп кетті. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы берген мәліметтерге қарағанда, бүгінгі таңда 1 млн гектарға жуық алқаптың егін орылып, бастырылған. Бұл жалпы егістіктің 25%-іне тең. Астық шығымдылығы гектарына 10 центнерден айналуда. Астық сапасы жаман емес. Тек бидайдың омбылық сұрыбы төменгі көрсеткішке ие.-Бұл сортты оңтүстік аудандар көбірек егеді. Өйткені, оның қамырлылығы жоғары. Ал солтүстікте барлық егінжай бірдей бола бермейді. Бұл жақта оның қамырлылығы 22-ден аспайды. Одан да тқмендері кездеседі, – дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының жетекші маманы Сәлімжан Есенаманов.
Қазір көптеген шаруашылықтар күн райының жайма-шуақ мезгілін пайлаланып қалуға тырысып жатыр. Жанар-жағар май жеткілікті. Шілде, тамыз айларында облысқа 60 мың тонна дизель отыны жеткізілді. Қыркүйек айында шаруалар тағы қосымша жанар-жағар май партиясын қабылдап алмақшы.
Үстіміздегі жылы облыс диқандары 5 млн тоннадай астық жинауды жоспарлап отыр. Егер ауа-райы бір өалыпты болса, жиын-терім науқаны айдың аяғына дейін аяқталуы тиіс.
Бек Телеу