Тегін курстар басталды

Рудныйда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» жаңа мемлекеттік бағдарламасының аясында «Жұмыспен қамту орталығы» 11 мамандық бойынша тегін оқыту курстарын бастап жіберді. Олар: аспазшы, шаштараз, слесарь-жөндеуші, тігінші, орталық пультті басқару операторы, диірмен машинисі, бақылаушы-кассир, электр-газбен дәнекерлеуші, электр слесарь, есепші, хатшы-референт мамандықтары.1
– Үш айлық курстарда 188 қала тұрғыны еңбек нарығындағы зор сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқытылып жатыр. Барлығына шәкіртақы, ал қаладан тыс жерлерден келушілерге пәтерақы қарастырылған, – орталық директоры Татьяна Меркулова.
Биыл мамандық түрімен қатар, оны оқытатын білім ордаларының да саны артқан. Соның ішінде Рудный индустриялық институтында алғаш рет мемлекеттік тапсырыспен диірмен машинисі, тігінші, есепші курстары қолға алынды. Ал технология және сервис колледжінде 80-ге тарта жас шаштараз, хатшы-референт, бақылаушы-кассир, аспаз мамандықтары бойынша білім алып келеді
– Мен көптен бері бақылаушы-кассир мамандығына оқығым келіп жүрді. Бірақ диплом алу үшін 1-2 жыл уақытымды сарп етуге мүмкіндігім болмады. Сол себепті осы курстар ашылғанда ойланбастан орталыққа келіп өтініш бердім. Қолыма куәлікті алған соң жұмыс табу аса қиындыққа соқпайды. Себебі көп дүкендерде мамандар тапшы, – дейді қала тұрғыны Гүлмира Аллабергенова.2
Бүгінде курс тыңдаушылары теориялық білімдерін шыңдауда. Бір айдан кейін олар үшін практикалық кезең басталады. Колледж басшылығы оқу бағдарламасы іскерлік дағдыларды барынша қалыптастыруға арналғанын айтады.
– Бағдарламаға сәйкес оқытудың 60 пайызы дуалді түрде жүреді. Яғни жастар уақытының көп бөлігін жұмыс берушілердің өндірістік алаңдары мен шеберханаларда өткізбек. Осы орайда біздің материалдық-техникалық база заман талабына сай жабдықталғанын айтқым келеді, – дейді Технология және сервис колледжі директорының орынбасары Дамир Шаяхметов.
Аталмыш курстар маусым айының соңына дейін созылады. Одан кейін түлектер қаланың кәсіпорындары мен мекеме-ұйымдарындағы бос жұмыс орындарын толықтыруға аттанбақ.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

1 Response

  1. Дәулет айтты:

    Осы курстарға қалай жазылуға болады?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓