Қоқыс та кәдеге жарайды
Жітіқара қаласының тұрғыны Жамбыл Біліспаев кәсіпкерлікті қолдау орталығының көмегімен макулатураны қайта өңдеу және брикеттеу цехын ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлайды.
-Бізде қағаздар, қаптау қораптары қажетсіз болғандықтан көп мөлшерде қоқыс полигондарына тасталады. Мен болсам олардан 100 кг-дық брикеттер даярлайтын жабдық сатып алып, сатылымға шығарсам деймін. Өткізу нарығын зерттеп алдым, сұраныс бізде де, Ресеймен шекаралас облыстарда да бар. Палата кеңесшілері маған құжат жинауда және сауатты бизнес-жоспар даярлауда үлкен көмек көрсетті. Бұл өзімнің қолымнан келмес еді. 3 млн. теңгелік грантқа үміт артып отырмын. Жоба да аудан үшін маңызды әрі қызықты, – дейді жас жігіт.
Айта кетерлігі, КҚО өз кәсібін ашам деушілерге бухгалтерлік, заңгерлік, салықтық және статистикалық есептерді беру және даярлау қызметтерін тегін көрсетеді. Сонымен бірге қостанайлықтар бизнес-жоспар жасауға жиі көмек сұрап келеді екен.
Қуаныш Есқабыл