Ұлттық кодыңды сақтай біл!
Бұл бір алаш баласының санасын бүлк еткізген, жан дүниесін тосын бір жылы да жарқын күйге бөлеген сөз болды! Елбасының:«Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» дегеннен-ақ, жылдар бойы ой-санаңды, жүрек-жүйкеңді кернеп, толғантып-тербетіп жүрген руханияттың қайнар көзін жарқ еткізді. Президенттің ұлттың рухани болмысын барлай, әлеуетін безбендеуі тұтас бір үлкен жаңғыру панорамасын көз алдымызға елестетті.
« Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. ..Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деп, жаңғырған қоғамның тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болатыны, сондықтан жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу екенін атап айтты.
Елбасы рухани жаңғырудың ауқымды шараларын рет-ретімен кестелей отырып, ұлттық салт-дәстүрлерді берік дің ете қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетті: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, елдің революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Бұл бағыттардың әрқайссына қысқа да нұсқа сипатта берілген. Осыдан барып, таяу жылдардағы міндеттерді нақтылап берді. Оның бір парасы:
«Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек».
« Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын… Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» дейтін сәттері жүректі қозғамай ма?!
«Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек».
« ..Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз».
"..Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек.»
Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн.
«Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту».
«100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс».
Басқаны қайдам, мен үшін Президентіміздің бұл мақаласы көптен бері ұлтжанды азамат ретінде ішкі жан дүниемді дүр сілкіндіріп, тебірентіп жіберді. Меніңше, ел мен жердің тағдыры үшін алаңдайтын әр перзентті бей-жай қалдырмасы анық. Өйткені, айтылған ойлар қазақтың кеудесіндегі бұлақтың көзін шайдай ашып жібергендей!