Қолдан шарап өндіріп келген
Қостанайда тонналап «Талас» шарабын қолдан өндіріп келген жасырын цех анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Өткен жылдың желтоқсан айынан бері өңірдегі дүкендерде жасанды алкогольдік ішімдіктер сатылып келген.
«Жасырын цехтағы өндіріс үшін өткен жылы жабылған алкоголь өндіретін зауыттың жабдықтары қолданылып келген, – деп хабарлады Қостанай облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі (ЭТҚ). – Жалған шарап әзірлеушілер өз қылмыстарын жасыру үшін түнгі уақытта аз мөлшермен өнімдерін әзірлеп жүрген. Дайын өнімдер сол түні Қостанайдың түрлі аудандарында орналасқан қоймаларға жеткізіліп, сол жерлерден қала мен облыс бойынша таратылып келген».
Жедел қызметкерлер заңсыз өндіріс орны мен қоймаларға тінту жүргізді. Тергеу қызметінің нәтижесі бойынша құюға әзірленген 32 тонна шарап табылып, жасанды есеп-бақылау маркасы мен 4 мыңнан астам дайын өнім шөлмектері табылды. Қылмыстық іс қозғалып, 10 млн теңге тұратын өнімдер тәркіленді.
«Қазіргі таңда қылмыстық іс аяқталып, сотқа өткізілді», – деп атап өтті ЭТҚ.