Кәсіпкерлікке оқыту басталды
Облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасы аясында әлеуетті бизнесмендерді оқыту басталды. Бұл курстардың ерекшелігі сол – тыңдаушыларға өз ісін жүргізудің теориялық негіздерін ғана айтып қоймай, шынайы бизнес-жоспарды құруға тікелей көмектеседі. «Bastau-бизнес» бағдарламасына қатысушылар өз жобаларын арнайы комиссия алдында таныстырып, ең үздігі мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алады.
Оқыту облыстың Әулиекөл, Қарасу, Қарабалық, Меңдіқара, Федоров және Қостанай аудандарында басталды. Курстарға осы аудандардың жұмыссыз және өз-өзін қамсыздандырып отырған тұрғындары қатысуда. Олар оқытудан соң сертификат алып қана қоймай, өз істерін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан, ең басында қатысушылардың бизнеспен айналысуға деген ықтиярлығын анықтауға арналған арнайы тестілеуден өтті. Жалпы алғанда, олар оқыту барысында 12 модульден өтеді.
"Яғни, әрбірі оқу барысында өздерінің бизнес-жоспарларын жазады. Әр сабақта біз оларды жетілдіруге ықпал жасаймыз. Нәтижесінде, олар толыққанды бизнес-жоспармен оқуды аяқтайды. Мұнда салықтық, қаржылық сауаттылық, бизнес жоспарлау, мемлекеттік қолдау, заңгерлік аспектілері бар. Сондай-ақ, соңғы модуль – "Ораторлық шеберлік және бизнес-жоспарды таныстыру". Комиссия алдына шыққанда қобалжымай, өз жобасын тиянақты жеткізулері үшін біз оларды машықтандыратын боламыз", – деді бизнес-тренер Ақмарал Бекмырзаева.
Еселі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясындағы несиелеу ережесіне сәйкес, барлық қатысушылар ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау Қорының несиелеріне иек арта алады. Сондай-ақ, Аграрлық-несиелік корпорация қаржыландыратын шағын несиелік ұйымдар мен несиелік серіктестіктер де жобаға демеушілік етеді. Несиелердің жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды және ешқандай салалық шектеу жоқ.
Аlau.kz материалы бойынша