Мезгілсіз солған гүл еді…
Өмірде себепсізден себепсіз сыйлайтын, оған деген құрметің артып, ықыласың еселене түсетін адамың болады екен. Олар өте көп емес, санаулы ғана болмақ. Сондай бір өзім көрмеген, бірақ оған деген сыйластығым мен құрметім алабөтен адамым бар еді. Жолайырығында кенет көз жазып, айрылып қалғаным.
Ол торғайлық талантты қыз Арайлым Тойшыбекова еді. Жұдырықтай жүрегіне тұтас Қазақстанын сыйдырып, туған жерін шетсіз-шексіз сүйген замандасым облыс орталығы – Қостанайда білім алса, мен сонау Жетісудан келіп, Торғайдың бейресми астанасы – Арқалықта оқығанмын. Мен онымен танысып, аралас-құралас болмасам да, оның жазғандарын үнемі оқып, ұлтжандылық жолындағы игі істері мен жаңашыл бастамаларын байқап, разы болушы едім. Ол осындай асыл қасиетімен көпті сүйсінтті. Сүйіндірді. Қуантқан еді.
Біздің Арайлым – таң рауанындай шуақ-шапағын көпке шашып, айналасын нұрландырып, «Жүрегімнің дүрсілі – Торғай» деп қатарластарына үндеу тастаған, аламан топтың көшін бастаған өрен болатын. Ол – өзін білім алу, мақсатын айқындай түсу, қатарластарын бәсекеге қабілетті болуға шақыру жолында жалындай жана түскен шоқ жұлдыз еді. Расымен, ол жайма шуақ көктемде дүниеге келген еңлікгүл еді-ау…
Өмірзая! Амал нешік, болашағынан үміт күттіріп, «еліме», «ұлтыма» қызмет етемін дейтін шағында өмірден өтті. Уақыт-жүйрік зымырап өтіп жатыр. Тағдырдың толқыны тасып, арнасынан асқанда ғана, жүрегім шаншып, замандасымның арамызда жоқ екенін сезіп, қиналып отырмын. «Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің әруағы бізді де айт деп сыбырлайды» (Иса Байзақов) деген рас екен. Кей-кейде «ВК» әлеуметтік желісіндегі Арайлымның бастамасымен құрылған патриоттық топтарды көргенімде, оның бейнесі, жазғандары көз алдыма елестеп, жан-дүниеңнің берекесі қашады. Өйткені: біз Оны ұмытқандаймыз! Мына естелікті көзімнен жасым сорғалап, тебіреніп жазып отырғанымды көрсең… Қиын екен! Шын мәнісінде, Арайлым – мезгілсіз солған гүл екен. Арайлымның жер басып жүрген қатарлас, замандастары Оның жарқын бейнесін, аз ғұмырындағы өнегелі ісін өзгелер ұмытса да, біз ұмытпайықшы.
Аяулы Арайлым, жарық күнде шам алып іздеп шықсам да, алдымнан жайраң қағып шықпайды екенсің ау…
Елдос Тоқтарбай, әдебиеттанушы