Ұлт маңдайына біткен ұл
Димаш. Осынау қазақы есімді қазіргі уақытта ғаламшардың барлық елдері жаттап үлгерді. Аз уақыт ішінде. Оның әлем махаббатына ие болуы – әншілік дейтін ұлы өнердің арқасы. Ол – жер бетінде сирек кездесетін дауыстың иесі. Ал бұл феноменнің қазақ даласынан табылуын айтсаңызшы! Интернет дейтін "құдіреттің" арқасында оның қаншалықты танымал екенін көріп ерекше марқаямын, мақтанамын. "Бұған дейін көрінбей қайда жүрген екен?", – депті ресейлік табынушысы. "Бүгіннен бастап ол мен үшін әлемнің әншісі!" – дейді екінші бір табынушысы, франциялық бойжеткен. Үшіншісі… төртіншісі… Тізе берсең, түбіне жете алмайсың.
Осы пікірлерді оқып отырып, өзіңе іштей сұрақтар қоясың: Шынымен де, бұған дейін ол неге қазіргідей көрінбеді? Бірнеше халықаралық байқаулардың бас жүлдесін алып келсе де, төбемізге көтере алмауымыздың себебі не? Әлде біздегі тыңдармандардың "құлағынан аю басып кеткен бе?" Жоқ, болмаса, міндетті түрде қытайлар мойындағаннан кейін көзімізді ашуымыз керек пе? Тағы кімдердің қадіріне жете алмай жүрміз? Тағы қай бұлағымыздың көзін ашып бере алады қытай?
Мойындау керек, Қытайда мәдениет дегенді, өнер, дарын дегенді бағалау біздікінен көш ілгері екен. Олар "шыңғыру өнер емес" демейді екен. Шын мықтыны (ұлтқа бөлмей, жасына қарамай) мықты дей алады екен. Оларда, ең бастысы, жанкүйерлік мәдениет өте жақсы қалыптасқан. Мәселе сүйікті әншісі әр әнін шырқаған сайын қоғадай жапырылып, тамақтары қарлыққанша айқайлауда ғана емес. Сахна жұлдызына деген адалдығында, оның одан әрі танылуына мейлінше танымал болуына қолдан келгенін аямауында. Нақты мысалдар келтірейікші.
Димаш "Мен әншімін" байқауында жүргенде, интернетке "Димаш Қытайдағы жетімдер үйіне қайырымдылық жасады" деген ақпараттар жарияланды. Барғанына бірер ай ғана өткен. Сөз етуді қатыратын біздің шіркіндер: "Өй, әуелі қазақтың жетімдерін жарылқап алмай ма?", "Мұнысы несі? Айдаладағы қытайдың жетімдерін…" деп үсті-үстіне төпелетті-ай кеп пікірлерді. Ал, шын мәнінде, қайырымдылықты Димаштың атынан жасырын жанкүйерлері жасаған еді… Ерінбей ақтарып отырсаңыз, мұндай мысалдардың сан түріне жолығасыз. Өздерін "Dears" деп атап алған Димаштың табынушылары әншінің жақсы атын арттыратын мұндай астыртын әрекеттерін ауық-ауық жалғастырып жатыр. Тағы бір шындық – Димашты қытайлық жанкүйерлер өте ерекше ықыласпен қабылдайды. Қосылып қазақша ән салады ("Дайдидау", "Көркемім", "Ұмытылмас күн"). Димаштың сүйікті кітабын оқиды ("Абай жолы"). Қазақстанға келіп үнсіз қалса, "неге көрінбей кетті?" деп шарқ ұрып іздейді. Ал біздегілердікінің қолпашы (жеке пікірім) "жұрттан қалмайықтың" әуресіндей көрінеді де тұрады.
Қайткен күнде де, Димашымыз қазақтың ән өнері туралы түсінігін бірнеше НОТАға жоғарылатып тастаған секілді. Әлем аузында "Димаш-Қазақстан", "Қазақстан-Димаштың" жүруінің өзі "тойдан алыс ұзағысы" келмейтін көп тыңдарманның көзқарасын өзгерткендей. Көңілдері босап, ұлдарының тілеуін тілеп, лебіздерін айтып, "тәубелеп" отыр жалпақ жұрт. Татиды!
https://www.youtube.com/watch?v=NISq-_FJG10
(Димашты әлемнің түкпір-түкпірінен құттықтады)
Ұлт маңдайына біткен ұлдың бүгін туған күні екен. 23-ке толыпты. Жас дарынға тұтас әлем болып құттықтау жаудырып жатыр. Мен де теңіз-лебізге тамшы-тілегімді қостым! Жасай бер, шырқай бер, дүлдүл Димаш!
Арайлы Мұратқызы
Мақала ұнады.?Дегенмен, қазақ халқы бұған дейін Димашты не үшін төбемізге көтермедік деп өздерін білімсіз санап жүр ғой… Меніңше, Димаш өзінің бағын ашып, танымал ететін əнді таба алмай жүргендіктен, халық оны таныған жоқ. Сосын оны той-томалақтың əншілерімен салыстыруға келмейді. Той-томалақтың жұлдыздары қазақ халқына өтімді, ұлт талғамына сай əндерді жарыққа шығара білгендіктен, ел арасында жұлдызы жанып жүрді. Солардың өнерін бағалап, төбемізге көтеріп, тойымызға шақырып, жұлдыз еткен, біз, халықпыз ғой. Ендеше, өзіміз су ішкен құдыққа өзіміз түкірген болмайық. Бір жарық жұлдыз жарқ етті деп басқа жұлдыздарды жарамсыз санамайық, солай етіп тағы бір білімсіздігімізді көрсетіп, бір-бірімізді табаламайық. Бəрі қазақтың баласы, бəрі қазақ өнерінде жұмыс жасап жүр. Бұл сөзіммен біреуді жақтап, біреулерді қорғауға тырысып отырған жоқпын. Тек барлығына жақсы қарауды үйренейік дегім келеді.