Ғасыр келбеті ме, әлде індеті ме?
Жаңа ғасыр, жаңа қоғам.Бүгінгі қоғамның басты ермегі де, көрмегі де, кермегі де- ғаламтор. Ғаламторсыз қимылдаудан қалдық.Сабаққа жаңа технологияның көмегінсіз дайындалмайтын мектеп жасындағы балаларды былай қойғанда, еңбектеген сәбидің өзі көзін ашысымен телефонға шұқшияды. Ғаламторсыз қызметтегегі аға- апаларымыздың да ісі өнбейтін болды.
Ғаламтор- бұл бір әлем, басқа өмір. Біз ғаламторға қаншалықты тәуелдіміз? Бұл сұрақтың жауабын өзгеден емес, өзімнен сұрауды жөн көрдім. Өз басым ғаламторға ақпарат іздеу үшін, жаңа достар табу үшін кіремін. Алтындай уақытымның жартысы әлеуметтік желілерде өтіп жатқанын біле тұра, мұны тоқтатудың жолын ойламадым. Ғаламтордың қызығына батқан мына мен шынайы қоғамнан қаншалықты алыстап кеткенімді енді түсіндім. ХХІ ғасырдың айықпас дертіне шалдыққан жалғыз мен емес, әрине, тек қана көптің бірімін. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бүгінде ғаламторсыз еш шаруа тынбайды. Бизнестің басты көзі де- өзі. Бұрынғыдай бетпе-бет кездесу, ауызба-ауыз сөйлесу деген жоқ. Уақытты үнемдеу үшін жақсы ғой, бірақ адамдар бір- бірімен араласудан қалды. Қонақта отырып та ұялы телефонынан көз алмайтын жағдайға жеттік.
Туыстарымыз бен достарымыздың, көршілеріміздің өміріндегі жаңалықтарды инстаграм парақшасы арқылы білеміз. Алайда ғаламтордың пайдасын да жоққа шығаруға болмайды. Біз керекті ақпаратты оңай, әрі жылдам табу үшін ғаламторға жүгінеміз. Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алу үшін де пайдалы.
Жалпы, әлемнің озық технологияларын меңгеру, оны ел мүддесіне жарату- басты міндет. Бірақ біз жаңа мүмкіндікті қажетінше ғана пайдалануды білмейміз, бос уақытымыздың барлығын сапасыз мәліметтерді сіңіруге жұмсаймыз. Сөйтіп әлеуметтік желілердің жетегінде кете бардық.Санамызды улап, жастарымызды бұзып, қоғамымызды өзгертіп жатқан ғаламтордың әсері деп ойлаймын. «Ғаламтор» деген сөздің өзі мені қатты үрейлендіреді. Ғаламтор ғаламды, яғни әлемді бір тордың ішіне қамау, топтау деген мағынада айтылғандай. Расымен, бізді әлемнің басқа адамдарымен байланыстырып жатқан ғаламтор, әлеуметтік желі. Ойымды қорыта келге айтарым, қамшының сабындай қысқа өмірімізді ғаламтор беттерінде өткізіп алмайық! Ойлан, замандас!
Назерке Жанболатқызы,
Журналистика мамандығының 3-курс
студенті