Жоба неге аяқсыз қалды?
Біздің облыс электр қуатының 70 пайызын сырттан тасымалдайды. Бұл өз кезегінде біраз шығын келтіретіні белгілі. Өңірде электр қуатын мейлінше үнемдеп, басқа тиімді қуат көздерін пайдалану үшін бұдан бұрын бірқатар жобаларды жүзеге асыру тиіс-тұғын. Дегенмен, әлі күнге сөз бен істің арасы қабыспай тұрған тәрізді. Мәселен, өңірде желден электр қуатын өндіруге қатысты екі-үш жоба бірнеше жылдан бері қозғалыссыз тұр.Бұл туралы облыс әкімі А.Мұхамбетовтың қатысуымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде мәлім болды. Ол өз бағыныштыларына келешегі зор делінген тағы осындай екі инвестициялық жобаның кейінгі ахуалын анықтауды тапсырды. Мәселен, 2006 жылдары Үкіметтің ұсынысы бойынша Арқалықтың іргесінен желден электр қуатын өндіретін станса салу жобасы мақұлданған еді. Ол маңның таңдалуы да бекер емес-тін. Қуаттылығы 50 МВт-ға дейін жететін электр өндіру өңірдің біраз қажетін өтейтіні айтылған сол жолы. Алайда, содан бергі алты жылдан бері бұл инвестициялық жоба орнынан бір елі жылжыған жоқ.
– Арқалықтағы «Kazwind energy» ЖШС техникалық-экономикалық негіздеме түзіп, сараптама жүргізгенін естідік. Бірақ, бар жұмыс сонымен тәмам болды, одан әріге барған жоқ,-деді облыс әкімі,- Жоба осыдан екі жыл бұрын қолға алынса, мен түсінер едім. Алты жылдың ішінде үлкен электр стансасын салып алғанда , ендігі ол өз-өзін жарым-жартылай ақтап та үлгірер ме еді. Меңдіқара ауданында да құны 16 млрд теңгеге бағаланған, қуаттылығы 30 МВт болатын жел стансасы жобасы мақұлданғанмен, онда тіпті, техникалық-экономикалық негіздеме де жасалмаған. Бұл туралы бірдеңе айтудың өзі ұят.Сарыкөл ауданындағы «Алатау Энерготрейд Лимитед» ЖШС қолға алған 900 млн теңгелік жобаның құрылысы да созылып барады.
Облыс әкімі құзырлы мекеме басшысына және өзінің осы салаға жауапты орынбасарларына тиісті міндеттер жүктеп, жоба авторларымен бірлесіп, мәселені оңтайлы шешуді тапсырды.
Әлібек ЫБЫРАЙ