БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚҚАНДАР БОС ЖҮРМЕЙДІ 

Облыс әкімдігінде қылмыстық атқару жүйесі мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ жазасын өтеп шыққан адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі консультативтік кеңес отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың төрағалық етуімен өткен жиында пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсету, жазасын өтеп шыққандарды жұмыспен, баспанамен қамту мәселелері талқыланды.IMG_6715
            Жыл басынан бері өңірде жазасын өтеп шыққан 264 азамат пробация қызметіне тіркелген. Басты мақсат – олардың қоғамнан шет қалмай, еркін тұрмысқа төселіп кетуіне қолайлы жағдай туғызу. Бұл мақсатқа мүдделі мемлекеттік мекемелермен қатар, қоғамдық негіздегі өзге де ұйымдар белсене атсалысуы тиіс. Бүгінде өңірлік пробация қызметтері түзеу мекемелерінен босап шыққандарды оңалту жұмыстарына түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді тартып отыр. Биыл бұл бағытта 54 меморандумға қол қойылған. Алайда өңірде түзеу мекемелерінен босап шығып, қиын жағдайға душар болған азаматтарға құқықтық-әлеуметтік көмек көрсетумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар жоқтың қасы. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілдерінің айтуынша, пробация қызметінде тіркелген азаматтарға тегін құқықтық-әлеуметтік көмек көрсету үшін үкіметтік емес ұйымдарға облыс бюджетінен қосымша қаржы бөлінуі тиіс.IMG_6713
            Кеңес отырысында сотталғандарға бөлінетін квота мәселесі де сөз болды. Облыстық ҚАЖД басшысы Н. Мусиннің айтуынша, биыл облыс әкімдігі жазасын өтеп шыққан және пробация қызметіне тіркелген 193 азаматты жұмысқа орналастыру мақсатындағы квота бөлген.  Алайда қазіргі таңда осы азаматтардың 83-і ғана еңбекпен қамтылған. Өйткені олардың көбінің мамандығы жоқ. Болғанның өзінде, ол мамандыққа еңбек нарығында сұраныс болмай отыр. Марат Жүндібаев  аталған мәселелерді әбден пысықтап, алдағы жылға арналған жұмыс жоспарына енгізу қажеттігін айтты. Сотталғандар мен пробация қызметінде есепте тұрғандарды мамандыққа оқыту, біліктілікке қайта даярлау курстарын ұйымдастыру шаралары жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тапсырылды. Мұның сыртында, аталған санаттағы азаматтарға арналған бос жұмыс орны жәрмеңкелері де тиісінше жиі ұйымдастырылуы қажет. Жиын барсында түзеу мекемелерінен босап шыққан азаматтардың еркін өмірге араласып, ел қатарлы түзу тұрмыс кешуіне көп болып ықпал етудің 2019 жылға арналған кешенді жоспары талқыланды. Алдағы жылы жазасын өтегендерді еркін өмірге бейімдеу, оңалту, еңбекпен қамту шараларына қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар көптеп тартылмақ.
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓