Астықты өлкеде нан қымбаттауы мүмкін
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметі бойынша Қазақстанда 2015 жылғы инфляция деңгейі 13,6%-ды құраған. Қой жылындағы бағаның қымбаттауы қайта өңделген және консервіленген жемістерге — 48,5%, күнбағыс майына – 29,2%, жаңадан жиналған жемістерге – 26,7%, құмшекерге – 20,1%, консервіленген көкөністерге – 19,8%, балық және теңіз өнімдеріне – 19,5%, жұмыртқаға – 18%, алкогольсіз сусындарға – 16,9%, қарақұмық жармасына – 16,4%, тоқаш және ұннан дайындалған, кондитерлік өнімдерге – 15,2%, нанға – 14,4%, консервіленген сүтке – 14,2%, бірінші сұрыпты ұнға – 11,6% шамасында байқалды.
Сондай-ақ, баға өсімі тоқыма бұйымдарына 35,4%, шыны және қыштан жасалған бұйымдарға – 34,9%, киім және аяқ киімге – 32,9%, жолға қажетті тауарлар мен заттарға – 32,4%, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 31,6%, фармацевтикалық өнімдерге – 31,3%, тұрмыстық аспаптарға – 25,4%, кітаптарға – 24,3%, жеке көлік құралдарына арналған қосалқы бөлшектер мен керек-жарақтарға – 21,9%, автомобильдерге – 20,9%, жеке қолданатын тауарларға – 17,7%, жуғыш және тазалағыш құралдарға – 14% болған. Бензин 4,6%-ға қымбаттаса, керісінше дизель отыны 9,6%-ға арзандаған.
Халық тұтынатын кабельдік теледидар қызметтерінің тарифтері 51,3%, халықаралық қоңырау шалуға (республика шегінен тыс) – 34,5%-ға өсті. Ал кешенді демалыстарды ұйымдастыру қызметтеріне 19,3%, қоғамдық тамақтануға – 12,2%, денсаулық сақтауға – 11,7%, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы – 9,6%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметтеріне – 7,2%, сақтандыруға – 7%-ға артқан.
Тұрғын үй-коммуналды қызметтер саласында тарифтер орталықтан жылытуға 14%, суық суға – 12,7%, ыстық суға – 11,3%, кәрізге – 10,3%, электр энергиясына – 8,3%, тұрғын үйді күтіп ұстауға – 4,3%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға – 4%-ға жоғарылады.
Астықты өлкедегі нан бағасының жайын білу үшін Қостанай облыстық ауылшаруашылығы жөніндегі басқармаға қоңырау шалған едік.
– Баға осы аптада қымбаттамайды. Бізде бар мәлімет бойынша дүкен сөрелеріндегі нан бағасы 51-55 теңге шамасында. Ал қаңтар айының ортасына қарай бағаның өсуі ықтимал. Барлығы орталық қордың мүмкіншіліктеріне байланысты, – деді облыстық ауылшаруашылығы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Орал Нұрғазин.
Қасқырбай Қойшыманов