Прокурорлар төл мерекесін атап өтті
6 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Прокуратура органдарының құрылған күні. Аталған күнге байланысты облыстық прокуратурада мерекелік жиын өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі, прокуратура қызметкерлері мен ардагерлері, өңірдегі заң және құқық қорғау органдарының жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.
Осыдан 23 жыл бұрын, яғни, тәуелсіздік алардың алдында елімізде құзырлы ведомство құрылған еді. Содан бері прокуратура ең алдымен азаматтарымыздың конституциялық құқығын қорғау бағытында атқарған жұмысы толымды. Бұл туралы облыс прокуроры Марат Қайбжанов баяндады. Барша әріптестерін, ардагерлерді, қонақтарды құттықтап, әлі де бірге табысты еңбек атқаруға тілектестігін білдірді.
Ал аймақ басшысы Нұралы Садуақасов елімізде жүзеге асырылып жатқан саясаттың оң нәтижесі ретінде құзырлы органның жұмысын оң бағалады:
– Мемлекетіміздің өркендеуінің басты белгілері – заңның қуаттылығы, оның орындалуы мен азаматтарыдың құқығының қорғалуы. Инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы, ауыл шаруашылығының табыстары, құрылыс жұмыстары, басқа да мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік салаларда атқарылған науқандар, ең бастысы азаматтарымыздың құқығының қорғалуына прокуратура өкілдері аз күш жұмсап жатқан жоқ. Бұл сіз бен біздің бірлесе атқарған жұмыстарымыз нәтиже берді. Оған дәлел – бүгінгі салтанатты жиын өтіп отырған облыстық прокуратура ғимараты және облыстың аудан-қалаларында ашылып жатқан нысандар сіздердің табысты еңбек етулеріңіз үшін салынды.
Салтанатты шарада үздік қызметкерлер марапатсыз қалған жоқ. Олардың арасында Бас прокуратура, облыс әкімінің алғыс хаттары мен республика мәслихаттарының 20 жылдығы медальдерін иеленгендер бар. Сонымен қатар, бірқатар прокурорлардың шені, дәрежесі өсті. Ал облыс прокуроры Марат Қайбжановқа «Прокуратура органдарының құрметті қызметкері» атағы берілді.
Жиын соңы прокуратура қызметкерлері мен Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармониясы өнерпаздарының концертіне ұласты.
Қыдырбек Қиысханұлы