Қару тапсыр да, тыныш ұйықта!
Бүгін Рудный қалалық ІІБ «Қару» жедел алдын алу шарасын бастап кетті. Ол бойынша тәртіп сақшылары 27-31 наурыз күндері үй-үйді аралап, заңсыз сақталған оқ-дәрі, қару және жарылғыш заттарды анықтап, тәркілейтін болады. Мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және атыс қаруларымен, оқ-дәрі жарылғыш заттармен жасалатын қылмыстардың алдын алу.
– Азаматтардың өз еркімен өткізген әрбір қарулар мен оқ дәрілерге, жарылғыш заттарға 100 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы белгіленіп отыр. Бұл заттарды ішкі істер бөлімдерінде қабылдайды. Заңсыз сақталған атыс қаруларды, оқдәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылудан босатылады, – дейді тәртіп сақшылары.
Айта кетейік, дәстүрлі шара еліміз бойынша жылына бірнеше мәрте өткізіледі. Мәселен өткен жылдың наурызында Қостанай облысының полицейлері 8 мыңға жуық азаматтық қару иелерін тексеріп, тұрғындардан қаруды сақтау, алып жүру және пайдалану ережелерін бұзудың 200 оқиғасын анықтады. Сонымен қатар, осы аралықта ішкі істер органдарында тіркелмеген, заңсыз сақталып келген 18 бірлік қару мен 150-ге тарта оқ-дәрі тәркіленді.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ