Мақсат – әріптестік орнату
Облыс орталығындағы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департаментінің ұйымдастырумен облыстағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық және әріптестік орнату туралы меморандумға қол қою рәсімі болып өтті. Рәсімге жергілікті барлық жоғары оқу орындарының жетекшілері, оқытушы-профессорлар құрамы сол секілді студент жастар қатысы.
Рәсімді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департаментінің жетекшісі Б. Бекжанов ашты. Оның айтуынша, Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадамды», 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асырудың аясында департамент жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық және әріптестік орнату туралы меморандумға бастамашы болып отырғандығын атап өтті. Бұл іс-шара ең алдымен оқу орындарымен тығыз әрі ынтымақтастық байланыста жұмыс атқару бағытындағы алғашқы қадам болып отыр. Сондықтан да жоғары оқу орындарында басты жұмысты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениеттілікке, «нөлдік» төзімділікке шақыру, насихаттау секілді мәселелерге мән берілетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстың барлығы да «Оқытушы (пара) алмауы, студент (пара) бермеуі керек» деген бағытта жүргізілуі тиіс. Осы рәсім барысында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институттың ректоры Еркін Әбіл, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры Қ.Уәлиев, ҚМУ-дың профессор-ғалымы В.Гершун және тағы басқалар сөйледі. Олар өз сөздерінде бұл жұмыстың басты мақсаты – сыбайластықтың алдын алу дейді.-Сыбайлас жемқорлықты қандай да бірі ұят нәрсе емес, қайта қылмыс ретінде қабылдауымыз қажет. Өйткені білім алу-бұл қызмет көрсету болып табылады. Ол үшін мемлекет я студент ақша төлейді. Сол себепті де оқытушы-профессорлар құрамы да, студент жастар да түсінуі керек, студент сапалы білім алуға құқылы, ал, оқытушылар болса сол ақылы негізде сапалы қызмет көрсетуі керек емес пе. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мүмкін кейбір тәуекелділікке баруымыз да мүмкін,-деді Еркін Әбіл.
Жиналғандар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүргізілетін жұмыстар барысын да жан-жақты талқылап, өздерінің ойлары мен пікірлерін білдірді. Қандай бағыттағы, тақырыптағы, формадағы іс-шаралар ұйымдастырылатын да айтты.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ