Арқалықта аймақтық ақындар айтысы өтті
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған аймақтық ақындар айтысына алыс-жақыннан ат сабылтып сөз сүлейлері келіп, той думанын қыздырды. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мәдениет сарайы бірлесіп ұйымдастырған халқымыздың төл өнерін дәріптеу шарасы өте жоғары деңгейде өтті.
Айтыстың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Зәуреш Мырзағалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.Ақсақалды аталар мен ақ жаулықты әжелерге дейін сағаттар бойы тапжылмай тамашалаған айтысқа белгілі айтыскер ақын, "Қазына" сыйлығының иегері Айбек Қалиев бастаған сөз зергерлері қазылық жасады.
Алқалы жиында ақындар сүбелі сөзбен өлең өрнегін құрып, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қолжеткізген табыстарын, ұлтаралық татулықты шабыттана жырлады.
Әдеттегідей ақындар алдын ала жұпталмай, қарсыластары жеребе арқылы көрермендердің көзінше анықталды. Үздік шыққан бес ақын Құлмамбетше айтыс үлгісін құрып, шаппа-шап айтыс жасады.Нәтижесінде бас жүлдені озық он ақынның ішінде үкілі домбырасын қастерлеген жалғыз ару қандасымыз Нәрия Ақбабақызы (Қостанай қаласы) қанжығасына байлады.
Топтан атоздырған қарындасымызды жақынырақ таныстыра кетсек, ол Шығысқазақстан облысы, Зайсан ауданына Қытайдың Алтай деген жерінен қоныс аударған. Алтыншы сыныптан бастап айтысқа шыққан. Ақындық қанында бар өнер. Әжесі Оразхан Байдәулетқызы мен әкесі Ақбаба Мұңсызбай ел арасында ақындығымен танылған жандар.
Арқалық батырдың тұқымы, Оспан батырдың жиені дүбірлі айтыстарға Қостанайдың атынан шығып намысын қорғап келеді. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетінің 4 курс студенті. -Киелі Торғайдың төрінде аламан айтысқа қатысқаныма қуаныштымын. Аты шыққан жүйрік ақындар қатысты. Арнайы шақыртумен бағымды сынайын деп келген едім. Ақындардың бәрі жүлдеге лайықты. Бақ шаба ма, бап шаба ма деген. Бас жүлде маған бұйырған екен. Қонақжай елге алғысым шексіз. Айтыс деген аударыспақ тәрізді. Бірде озасың, бірде қаласың. Басқа айтыскерлерге алдағы уақытта тек сәттіліктер тілеймін. Бүгін ешкім жеңілген жоқ, ақындардың бәрі жеңіспен қайтты деген ойдамын,-дейді жұлдызды ақын қыз бізге берген сұхбатында. Ал, бірінші орынды Тоба Өтепбаев (Арқалық) меншіктеп, екі екінші орынды Мұхамеджан Мансұров (Қызылорда), Айбар Рағатов (Жангелдин ауданы), екі үшінші орынды Батырлан Сағынтаев (Арқалық), Мақсат Нұрмұхамбет (Астана) бөлісті.
Ақындардың өзгесі де жүлдесіз қалған жоқ. Н. Ахметбековатындағы жүлдені Әуезхан Ернұр (Арқалық), Ахметхан Әбіқаев атындағы жүлдені Еркінғазы Айтбаев (Арқалық), Сәт Есенбаев атындағы жүлдені Рысбай Қамқор (Қарағанды), Сейдахмет Бейсенұлы атындағы жүлдені Балтасар Ізтелеуов (Аманкелді ауданы) иеленді.
Жүлдегерлер мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.