Наурыз келгенде…
Күндердің күні бір есек құдыққа түсіп кетіпті. Қожайыны оны шығарып алуды ойластырып жүргенде есектің жаны қиналып, ыңырсығаны қатты естіліп жатса керек. Қожайыны әрі ойлап, бері ойлап, ақыры: "Есегім болса да кәрі, енді жұмысқа жарамайды, одан да көміп тастайын", – дейді. Көршілерін шақырып алып, бәрі құдыққа топырақ лақтыра бастайды. Есектің әуелгі қиналған дыбысы бір мезетте күрт тынып естілмей қалады.
Қожайыны бұған не болды екен деп құдықтың ішіне үңіліп қарайды. Ол өз көзіне өзі сенбей таң-тамаша болады. Сөйтсе, есек әр түскен топырақты иығынан сілкіп тастап, аяғымен таптап өзі оның үстіне тұра берген. Сөйтіп құдықтың аузына дейін көтеріліп қалыпты. Сәлден соң құдықтан ернеуінен ырғып шығып, шоқыта жөнеледі.
Күнделікті тіршілікте жұмыр басты пенденің арқалаған жүгі ауыр болмаса, жеңіл емес. Бірақ соған бола жүдемей-жүнжімей, білек сыбан, сілкін, ұмтыл, алға шық. Осы орайда Наурыздың берекесі мен шапағатына, әсіресе ғибратына тағы бір сәт құлақ қойып көрейікші: Ең бастысы, жүрегіңді өкпе-ашудан босат, кешіре біл; Ақыл-ойыңды толғана беруден арылт; Көп бер, азға қанағат ет; Мейлінше қарапайым өмір сүр, қолыңда барыңды бағала, жақсыны, жаңаны жағала.
Бірде Харұн Рашит пен данышпан Шақиқи Бәлхи әңгімелесіп отырып, бір мезет патшаға данышпан оқыстан сұрақ қойыпты: "Патшам, ұшы-қиырсыз шөл далаға тап болдыңыз. Неше күн жүріп шөл қысып өліп бара жатқан жайыңыз бар. Алда-жалда алдыңыздан біреу шығып: "Бір жұтым су берем, ажалдан аман қаласың. Бірақ маған байлығыңның жартысын бер", – десе, берер ме едіңіз? Патша ойланбастан: "Қу жанымнан қымбат па, берер едім", – депті. Данышпан: "Дұрыс айттыңыз", – деп, артынша: "Уа, патшам, – депті, – сіз ол суды ішкенмен әлден уақытта дәрет қысып өлер болдыңыз. Өздігіңізден шамаңыз келер емес. Әлден уақытта біреу келіп: "Маған қалған жарты байлығыңды бер, ішкен суыңды қайта сыртқа шығарасың", – десе, берер ме едіңіз? Патша: "Иә, бермеске амал бар ма?" – депті. Сонда данышпан: "Әй, Харұн! Ендеше, басыңа іс түскенде ішіп қайта сыртқа шығарған бір жұтым су құрлы құны жоқ байлығыңа есіріп, ешқашан мастанушы болма!", – депті.
Әбіш Кекілбай абыз: "Ант ұрған қазақтан да үміт үзбеймін, себебі, оның белінде ұлтымның болашағы жүрген шығар деп үміт етем" – депті. Ал: "1917 жылы большевик Хәкімбек Токинді ұстап берген адам кейін қолға түседі. Сонда ел ақсақалдары Хәкімбектің інісі Қамбарға: "Мына ағаңды ұстап берген құныкердің жазасын өзің айт", – десе, ол: "Бұл кісіге аға керек болмаған соң ұстап берген шығар, ал маған аға керек", – деп, әлгі азаматты босатып жіберіпті" деп жазады, әріптес қарындасым Анар Төлеухан. "Жақсылықтың таудайын көрмей, жамандықтың тарыдайын көретіндер бар"– депті күнделігінде қазақтың Асанәлісі. Жаза берсек, жүректен қозғар, көңіл тербетер, бар жүйке-жұлыныңды айрықша бір мейірбандыққа, жылылыққа бөлер Наурызда айтылған Алаш жұртының қария да, ғақлия да, дуалы ауыздың да небір қуатты сөздері бар ғой. Тек оқи бермесек, тоқи берсек… Бәрі де тоқымаудан, ғой тоқымаудан! Осының салдарынан қастерлі сөздер тақпаққа айналып сахнадан түспейді, жүрекке жетпейді. Сондықтан серке сөздер мінапас, көзсіңді селт еткізбейді. Ендеше, Наурыз келгенде жүрек көзі ашылсын деңіз, махаббаттан мас болсын деңіз!