Жалған лаңкес жазаланды
Стадионға «мина қойған» рудныйлыққа қатаң үкім шықты, ол 3 жыл ерекше режімдегі колонияда жазасын өтейтін болады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлады. Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінде жариялаған іс материалдарына сәйкес, 15 қаңтарда түн ауа қаскүнем мас күйінде «102» пультына хабарласып, «Стадион-Строитель» аялдамасында жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған. Оқиға орнына жеткен арнайы қызмет және полиция қызметкерлері жарылғыш зат таппады. Қоңырау шалған адам бірден анықталды, ол бұрын сотталған 35 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Рудный қалалық сотының үкімімен қылмыскерге ерекше режімдегі колонияда 3 жылға жаза тағайындалды. Үкім шығарған кезде мерзімін ұзартуға бұрын жасаған қылмысы себеп болды.