ЖАЗБА АЙТЫС: Мамай мен Наргүл

Мүхамеджан Сералиннің 150 жылдығына арналған "Қазақ үшін жүрек шамын май қылған" атты жазба айтыс жалғасын табады. Іріктеу айналымының келесі ақындары – Б.Майлин ауданының өнерпазы Мамай Ізтілеу мен рудныйлық айтыскер Наргүл Қарағұлова. Бір қызығы, жеребе арқылы анықталған бұл жұп жезде мен балдыз болып шықты. Ендеше, екі ақынның сөз-сайысын оқып, лайық бағаларын бере отырыңыз!
МАМАЙ:
Айтатын шүкіршілік азат таңға,
Газеттен куә болған ғажаптарға,
Өнер десе, ішкен асын жерге қойған
Ассалаумағалайкум қазақтарға!
 
Ұлы адамның еңбегін үлгі етуде,
Айналғандай ұрпағының міндетіне.
Басталды ақындардың аламаны
Сералин атамыздың құрметіне.
 
Десек те өткінші өмір бәрі жалған,
Адам көп заманында тұлға болған.
Соның бірі – Сералин Мұхамеджан
Әдебиетте айрықша ізі қалған.
 
Аймалап жер-ананы күн қызуы,
Заңдылық жылылығын білгізуі.
Атамызға арналған жазба айтыста
Балдызымды жұп қылдым, бір қызығы.
 
Атқарған ұстаз болып адал ісін,
Шәкірттерге құрметі мол бағалысың.
Мұхамеджан атаның жолын қуған
Қазақ тілі әдебиеті маманысың.
 
Қанықпыз балдызымның айласына, 
Жақындап көрейінші жәй қасына.
Бұған дейін сахнада айтысып ек,
Ол шешілді жездеңнің пайдасына.
 
Жанарың түнде жанған шамдай екен,
Қылығы балдызымның балдай екен.
Ауызша айтқаныңды естіп жүрміз,
Көрейік, жазбашасы қандай екен.
 
НАРГҮЛ:
Ал, бастап жіберейін шырқап кәні!        
Аузымнан ақтарылсын жыр қатпары.          
"Қостанай таңындағы" жазба айтыста 
Жөн шығар ақын қыздың тіл қатқаны.
Мұхамеджан атаның тойын тойлап,
Алашы нар тұлғасын шын мақтады.
Ұрпағы кезек-кезек айтыс жасап,
Жырларын босатуда құндақтағы.  
Елі үшін  еш аянбай терін төгіп,
Сералин бола білді тіл мақтаны.
Армысың, Қостанайлық қасиетті ел,
Көрейін алдарыңда жырлап тағы.
"Қостанай таңы" жыл сайын айтыс жасап,
Жыр төгіп,көңіл көлін құрғатпады. 
 
Туған жерім – киелі Торғай мекен,
Намысыңды бұл қызың қорғайды екен.        
"Алдында мен жеңімпаз болдым" дедің,
Бұл сонша мақтанарлық  жағдай ма екен?
Балдызды  көтермелеу сізге міндет,
Бірақ мұны ұғынар жан қайда екен?
Ол рас талай мәрте айтысып ек, 
Қарсыласын ақындар аңдай ма екен?
Апамызды алса да бұл жездемнің, 
Көңілі  еш нәрсеге толмайды екен.
Ойлайтының ылғи да ала беру,
Жомарттық сізге жолдас болмай ма екен?
 
Айналдым айтыс деген қазынамнан,
Мен едім жездесіне назы бар жан.
Баяғының жездесі мәрт болушы ед,
Ондай жезде  біздерге қазір арман!
Шумағыңыз баланың былдырындай,
Өлең бе еді әркімнен жазып алған?
Былтыр да төрт жолдық шумақ құрап,
Оңбастай сөз естіп ең қазылардан.
Сол сын сізге қамшы  боп тимеді ме?
Боп жүрсіз ғой айтыстан қажыған жан!
 
МАМАЙ:
Жан едім орыны бар анық төрден,
Кезім жоқ қатарымнан қалып көрген.
Сен бұлай беттен алып айтыспаушы ең,
Кім екен, қалқам, саған бағыт берген?
 
Негізі, ақылды едің, көрікті едің,
Айтаққа еріп, балдыз, ерікпегін.
Бет жұлысып айтысқан ақындардың
Абыройлы болғанын көріп пе едің?
 
Шам алып түсетіндей соңымыздан,
Қандай күш тайдырды екен жолыңыздан?
Қазылардан оңбай сөз естігем жоқ,
Өтірік айту келмейді екен қолыңыздан.
 
Мен едім қарғыс емес, алғыс алған,
Тайғанаған кезім жоқ тура жолдан.
Нұрқанат ағамыздың сынын есту
Інілердің бәріне арман болған.
 
Айтыста болмасам да ақтабаның,
Қолыма домбыра алсам шаттанамын.
Жанұзақ Аязбеков ағамыздың
Оқымап па ең айтысымды мақтағанын?
 
Жақсымды емес, мінімді тересің-ау,
Түбінде бұдан азап шегесің-ау,
Жездеңіздің бойынан, қайран балдыз,
Көргің келген нәрсені көресің-ау.
 
Аң-таң болып отырмын шатағыңа,
Сәттілік тілеп едім сапарыңа.
Менімен айтысқанда жолың болып,
Ілігіп ең жүлдегерлер қатарына.
 
Жан десем болашаққа алаңдаған,
Сен болдың ғой жездесін жамандаған.
Көзінің тірісінде бағаланбай,
Ақындар көп бағасын ала алмаған.
 
Бекетов Бүркіт ағам елім деді,
Ел үшін топқа түссе шегінбеді.
Аманкелді құрметті азаматы
Атағы тірісінде берілмеді.
 
Өнер деген алынбас қамалы бар,
Ойы терең, сөзі оқ алауы бар. 
Жадыра Құтжанова тәтемізге
Сол атақты бермеді қалаулылар.
 
Наргүл, жан емес едің шамаласым,
Қыз едің теріп жеген адал асын.
Ақындар бір-бірінің мінін терсе,
Билік бізді қалайша бағаласын?!
 
Жөн бе екен жеке бастың сөз болғаны?
Ақындар бола білген ел қорғаны.
Ұрпаққа мұра болар сөзіңді айтшы,
Секілді Сералиннің "Топжарғаны".
 
НАРГҮЛ:
Білмедім  шетін таппас ормансыз ба?
Айтыста балдызыңа қорғансыз ба?
Ойнап едім қағытып бұл жездемді,
Сөздері айналды ғой тоңған сызға.
Жездем-ау, жамандайт деп не көрінді,
Сөз көтере алмайтын болғансыз ба?
 
Шегінсем мен тарихтың беттеріне,
Оралсам бұл газеттің өткеніне,
Ең әуелі "Ауыл" атпен танымал боп,
Халқының әдет-ғұрпы жетті еліне.
Мұхамеджан Сералин редактор боп,
Жайғасты өр жұмыстың дөп төріне.
Бейімбетпен әріптес болған Мұқаң,
"Елімнің мұңын жазам" депті еліне,
Ыдырысов зеріттеп Сералинді,
Теңепті журналисті көк бөріге.
Мұхаммеджан алғаш Өрнек ауылында,
Балалар үшін ашқан мектебін де.
Ұмытпас ұрпақтары Сералинді, 
Зор мұра тастап кеткен текті еліне.
 
Жан емеспін сөз айтар абайламай,
Бұл жездем өкпелейді қалай-қалай?
Есіңізге бір нәрсе салайыншы,
Санама сыймай жатыр сан ойлар-ай,
Әпкеммен түскен сурет жіберіп ең,
Көріп соны көңілдің қарайғаны-ай,
Әпкемізді арықтатып, жүдетіпсің,
Соған қарап кетті ғой сан ойлар-ай.
Кезінде көп әйелді гүл қып баққан,
Бабамыз Шыңғыс хандар, Абайлар-ай,
Ал біздің бұл жездеміз осал боп тұр,
Бір әпкемді жүдеткен қарайламай!
 
МАМАЙ:
Енді ғана сөз маржаннын тергендейсің,
Құралайды көзге атқан мергендейсің.
Шыңғысхан мен Абайдың әйелінің
Суретін өз көзіңмен көргендейсің.
 
Апаң толық болмады маған дейін,
Сенің сөзің әшейін амал дейін.
Адамға ақын болу қиын болса,
Ақынның жары болу одан қиын.
 
Ер көңілін әйелі бағу керек,
Апаңыздай мырзасына жағу керек.
Балдызыммен айтысам дегеннен соң 
Сен үшін сәл жүдеген болу керек.
 
Айтысып бір тарқады құмарымыз,
Бажаммен сен де, балдыз, қуаныңыз.
Әйелім өнегелі жан болды деп,
Ішінен сүйсінсе екен сыңарыңыз.
 
Ер адам жарыменен биік тегі,
Себебі жанұяға ұйытқы еді.
Теңіңді жоғарым деп бағалай біл,
Емессің "Гүлқашима" кейіпкері.
 
Жезде, балдыз бітпейтін дастан екен,
Арманы ақ балдыздың асқақ екен.
Көптен бері жүр едің дүбір көрмей, 
Бажам бүгін сені топқа қосқан екен.
Осымен тоқтағанды жөн көрейін,
Асыршы, ақын балдыз, ел мерейін.
Жездеңнің жақындығы әкедей ғой,
Жөн білместей болмайын, жол берейін.
Ақын болсаң, аяулы, асқан дарын,
Жездең де көрсетеді бас бармағын.
Өнердің биігіне қадам бассаң,
Мен болайын алғашқы баспалдағың.
Біреудің мықтылығы – білегінде,
Біреулердің жақсылығы – тілегінде.
Сералиннің жасаған еңбектері
Халқының сақталады жүрегінде.
 
НАРГҮЛ:
Ойымда жоқ  тағатын өзгеге мін,
Қайтемін жарқылдаса көзде реңім.
Бұл жездеммен жақсылап әзілдессем,
Жездем де білдіреді-ау өз дегенін.
Сен үшін сәл жүдеген дейді тәтең,
Әйтеуір сөз табарыңды сезген едім.
Шүкір деймін, жолын берсін апамыздың,
Өмірде таба білген өз керегін.
Көңілім жай табады алтын әпкем,
Бақытты боп, құлпырған кезде менің.
Апамның бар еңбегін бағалаған,
Аман болшы, алтындай жездем менің!
 
Шүкір, жезде, түсінер жар қасымда,
Соған қарап мерейім бар тасуда.
Әйелдер көп бұл күні қорлық көрген,
Соны көріп ойланып, қорқасың да.
Бар тапқанын жіберіп ойындарға,
Жүргендер көп жалғанның ортасында.
Бүгінде күйеуінен қызық көрмей,
Таяқ жеген жандардың даңқы асуда.
Ас үйде батыр болған жігіттер көп,
Үйіне жарамайтын дәм тасуға. 
Әйелін сабап көше, автобуста,
Ақыретке азық болмас ар тасуда.
Әрине, көпке топырақ шаша алмаймын,
Шүкір, қолдар бажаңыз бар қасымда.
Жұмысқа да, айтысқа да шығып жүрмін,
Үйдегі сол бажаңның арқасында!
 
Жырыммен қозғайыншы басқа арнаны,
"Қостанай таңы" – жұрттың асқан бағы. 
Шежірені дәріптеп бұл газетім,
Ғұмырын кәріге де жасқа арнады.
Елімде болып жатқан жаңалықты,
Халқына жеткізу ғой басты арманы.
Жаңалықтың жаршысы болып жүрміз,
Бұл газеттің ғұмыры басталғалы.
Жанұзақ, Жандос сынды ағаларым,
Ой тастап жазба айтыста жоспарлады.
Газеттің арқасында танылуда,
Әр жанның мақала мен дастандары. 
Бар қазаққа танымал газетімнің
Өрлей берсін жыл сайын баспалдағы!
 
Ал, жезде, балдызыңа жолың ізгі,
Түсініп оңыңыз бен солыңызды.
Жақсылығым әкедей болсыншы деп,
Бердіңіз балдызыңа жолыңызды,
Келесі айналымға өтермін-ау,
Қазыларым құп көрсе оныңызды. 
Әпкеме сәлемімді жеткізіңіз,
Қоштасып мен алайын қолыңызды. 
Аман болшы, газеттің оқырманы,
Жаратқаным оңдасын жолымызды!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓