Білектілер бәсекесі

«ССКӨБ» АҚ жұмыскерлері қысқы спартакиада аясында дзюдо турнирінде бас қосты.зудо
Кен алыбының жастарын «сегіз қырлы, бір сырлы» десе жарасады. Себебі олар өндірістегі ауыр еңбекпен қатар өнер мен спорт саласында да ешкімнен кем түспеген. Бұған кәсіпорында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған дзюдо турнирі дәлел. Спартакиаданың бағдарламасына енген жаңа спорт түрінде өз күшін сынап көруге 42 үміткер өтініш білдірді.
– Соңғы жылдары дзюдо елімізде, соның ішінде біздің қаламызда кең қанат жайып келеді. Әсіресе, жазғы олимпиадада қазақстандық балуандардың лайықты өнер көрсетуі бұл спорт түріне жаңа серпін берді. Сондықтан адамға рух пен қайрат беретін шығыс жекпе-жегін комбинат жұмыскерлері арасында да насихаттау керектігін түсініп, қысқы спартакиада бағдарламасына енгіздік. Басында ешкім қатыспай қалса қайтеміз деген қорқыныш болды. Бірақ барлығы бекер екен. Біздің жастар бұл спорт түрін де жақсы меңгергендігін ісімен көрсетті, – дейді компанияның жастар саясаты бюросының басшысы Шаттық Әбдіқалықов.
Татамидегі тартысты додаға өте көп жанкүйер жиналды. Олар өз бөлімшелерінің атынан түскен балуандарға қолдау-қошеметін көрсетіп, жауынгерлік рух берді. Дегенмен жарыстың аты жарыс. Бұл жерде білімдінің емес, білектінің жолы болды. Алты түрлі салмақ дәрежесінде қарсыластарын тізе бүктірген спортшылардың есімі де белгілі болды. Олар 60 кг салмақ дәрежесінде Жол шаруашылығы және құрылыстар басқармасының намысын қорғаған Сабырхан Қуандықов, 66 кг – Еркебұлан Мэлсов (Сарыбай кен басқармасы), 73 кг – Жалғас Мәліков (Тау-кен темір жол көлігі басқармасы), 81 кг – Дмитрий Байгубенов (Техникалық жабдықтарды жөндеу басқармасы), 90 кг – Қайрат Өтегенов (Қойма шаруашылығы цехы) және 90 кг-нан артық салмақ дәрежесінде Андрей Раскатов (Жол шаруашылығы және құрылыстар басқармасы). Барлық қатысушылар алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, бір жарым айға созылған қысқы спартакиаданың қорытындысы бойынша бас кубокты Шекемтас өндіру фабрикасының ұжымы жеңіп алды. Сондай-ақ жарыста жақсы нәтижелерге қол жеткізген 18 жұмыскер «Үздік спортшы» атағын иеленді.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
Рудный қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓