Ұстаздық ету – ұлағатты іс
Рудныйдың ең алғашқы тұрғындарының бірі, ардагер ұстаз Раиса Хафизова 80 жасқа толды.
"Алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі", – деген екен қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаев. Бұл адамзат өркениетін алға жылжытушы мұғалімдік қызметке берілген ең биік баға болса керек. Бүгін осы қызметті адал атқарып, абырой мен құрметке бөленіп жүрген қала тұрғыны, ардагер ұстаз Раиса Хафизова сексеннің сеңгіріне шығып отыр.
Саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған Раиса Закиқызы 1937 жылдың 14-наурызында Қызылорда қаласында туған. Он бір жасында отбасымен Алматы облысының Есік қаласына көшіп келеді. 1955 жылы қазіргі Абай атындағы педагогикалық университетті «математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылы болашақ жары Сәлім Атауовпен танысып, көп ұзамай жарасымды жұп отбасын құрады. Ол кезде отағасы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің соңғы курсында «Геолог» мамандығында оқитын. Сондықтан оқу бітірісімен жас отбасы комсомолдық жолдамамен енді ғана іргесі қаланып жатқан ССКӨБ-ке аттанады.
– Әлі есімде. 1956 жылдың 5-ші тамызы Қостанай темір жол стансасына келіп тоқтадық. Бір вагонда бізбен бірге Қасымқайыр Дүйсенбаевтың отбасы да болды. Барлығымыз бір-бір шабаданмен құрылысы қарқындаған Рудный жеріне келіп, палаткаларға орналастық. Әр палаткада кемінде 9-10 отбасы тұрдық. Кейін тұрғын үйлер салынып, ол жерден көшіп кетсек те, осы уақытқа дейін сол достарымызбен жақын араласып тұрамыз. Тамаша кезеңдер еді, – деп еске алады Рая апай.
Сәлім Атауұлы алғашқы күннен-ақ комбинатта геолог мамандығы бойынша жұмысқа қызу кірісіп кетеді. Ал бірнеше күннен кейін Раиса апай да жаңадан ашылып жатқан мектепте еңбек жолын бастайды.
– Мені Қостанайлық білім бөлімі Рудныйдағы алғашқы мектепке арнайы жолдамамен жіберді. Ол кезде Чехов көшесіндегі «барактік» үлгідегі шағын ғимаратта, көбінесе, Ресейдің көрші облыстарынан келген жұмыскерлердің балалары білім алатын. Уақыт өте келе бала саны артып, ғимарат қазіргі №1 кең мектепке көшті. Ұстаздық ету – ұлағатты іс. Сол себепті әрбір күнім босқа өтпей, білімді ұрпақ тәрбиелеуге кеткенін мақтан етемін, – дейді ол.
Раиса Закиқызы 1961 жылы кен алыбының кешкі мектебіне шақырту алып, осында зейнеткерлікке шыққанға дейін, яғни 30 жылдан астам талмай еңбек етті. Көп жылдардағы табысты еңбегі үшін комбинат пен Оқу-ағарту министрлігі тарапынан бірнеше марапаттарға ие болады. Бүгінде 2 ұл 1 қызынан 4 немере сүйіп отырған ардагер ұстаз, аяулы ана өткен күндерді сағынышпен еске алады. Ел халқының бірлігі мығым болып, көреген Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге биік белестерді бағындыра берсек деп тілейді.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ