ҚАЗАҚСТАН РЕКОРДЫ ТІРКЕЛДІ
Жеңіл атлетикадан көру және тірек-қимыл жүйесі зақымданған спортшылар арасындағы Азия және Мұхит елдері аймақтарының чемпионаты Дубайда (БАӘ) өтті. «Fazaa» атты сегізінші рет ұйымдастырылған бұл паралимпиадашылар турнирі әлемдегі деңгейі биік, әйгілі жарыстардың бірі. Қазақстанның атынан қостанайлықтар, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Павел Сидорчук пен ҚР спорт шебері Алексей Лукутин қатысты. Шыны керек, осы спорт түрі енді-енді қанат жайып келеді және біздің атлеттер байрақты додаға анық аутсайдер ретінде барды. Дегенмен, намысты қолдан бермеген лисакаовтық Павел Сидорчук облыс тарихында бұрын соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізіп, Азия чемпионы атанды. Павел – Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінің үшінші курс студенті. Айта кетейік, ол осы сында найза лақтыру бойынша қола медальді еншіледі. Ал Алексей Лукутин өз санатында найза лақтырудан жетінші орынды қанағат тұтты.
Жерлестердің жеңісті жолы Шарджа қаласында жалғасты. Ашық чемпионат қорытындысы бойынша Павел Сидорчук ядро лақтырудан 11 м. 56 см. қашықтықты бағындырды. Диск лақтырудан 39 м. 11 см. көрсеткішке қол жеткізіп, ҚР рекордын орнатты. Бұл жолы Алексейдің де жолы болып, ядро лақтыру жарысынан күміс алқаны қанжығасына басты.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ