Көш жандана түспек
Шетелдегі қандастарымыз үшін сүйінші хабар. Бұдан былай елден жырақ жүрген қазақтардың атажұртқа қоныс аударуы біршама жеңілдейді.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасы ел тұрғындарымен қатар қандастарымыздың да жағдайын ескеріпті. Ол бойынша оралмандар Үкімет қаулысымен бекітілген аймақтарға барса, атаулы жәрдемақы ала алады. Қостанай облысы – сондай аймақтардың тізімінде. Рудныйлық жұмыспен қамту орталығының мамандары, кеншілер қаласына көшіп келген қандастарымызға жолақысы төленіп, жұмысқа орналастыру бойынша нақты көмек ұсынылатындығын айтады. Сондай-ақ, оларға тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтерді төлеуге субсидия берілмек.
– Бағдарламаның басты мақсаты – халықты жұмыспен қамтып, оның кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау. Жүздеген бос жұмыс орындарына жаңа жұмыс күшін тарту. Тұрғындар оралмандарға берілетін мемлекеттік субсидия бойынша толық ақпаратты Пионерская көшесі, 21-үйде орналасқан біздің орталықтан алуға болады, – дейді Жұмыспен қамту орталығының директоры Татьяна Меркулова.
Жалпы Қазақ елі тарихи Отаныма ораламын деген қандастарымызды ешқашан өзекке тепкен емес. Айталық, тәуелсіздігімізді алғаннан бері елімізге 1 млн-ға жуық этникалық қазақ атбасын бұрыпты. Бүгінде олар Қазақстан халқының шамамен 10%-ын құрап отыр.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ