Торқалы той туған жерде жалғасты
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов пен В.Пикуль атындағы халықаралық сыйлықтардың иегері, Ресей әдебиет академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Аймұханұлы Досановтың 75 жасқа толуына орай ұйымдастырылған мерекелік шаралар Батпаққарада жалауын көтерді. Танымал жазушының туған еліндегі мерейтойына шет елдерден көптеген қонақтар шақырылды. Сондай-ақ, Амангелді селосындағы той өткізетін орын Тойтөбеде киіз үйлер тігілді.
Амангелді ауданының мәдениет үйінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оны Сәбеңнің ақын інісі Хамитбек Мұсабаев жүргізіп отырды. Мерейтой иесіне арналып әндер шырқалды, күй де тартылды. Елімізге танымал ақын-жазушылар сөз сөйлеп, Сәбит Аймұханұлының елге сіңірген еңбектерін тағы бір мәрте еске алды.Белгілі сатирик Көпен Әмірбек Сәбит Досановты "Әдебиет алыбы" десе, арда жазушыға Арқалық пен Жангелді, Амангелді өңірлерінің басшылары шапан жауып, ат мінгізді.
Үш күн бойы тойланатын мерекелік шара Байғабыл ауылында да жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша ат шаптырылып, көкпар тартылатын болады. Жазушыға арналған іс-шаралардың толық нұсқасын газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.
Қасқырбай Қойшыманов
Амангелді ауданы