Наурыз тойы: қайда, қалай өтеді?
Мерекелік іс-шаралар облыстық әкімдік алдында және сити-орталықта өтеді. Қостанайлықтар және қала қонақтары түрлі сайыстар мен ойын-сауық шараларына қатыса алады.
Жылдағы дәстүр бойынша, киіз үй қаз-қатар құрылады. Үздік безендіру байқауына кәсіпорындар, кәсіпкерлер мен оқу орындары қатысады. Олар ақ үй ішінде мерекелік дастархан жаяды. Сондай-ақ, қалада театрландырылған қойылымдар, хорлар шеруі және мерекелік концерт "Наурыздың" көрігін қыздырмақ.
Ұйымдастырушылар қостанайлықтарды жас дарындар мен балалар ұжымдарының фестивалімен қуантуды да ойластырып отыр. Бұған қоса, Қостанайдың дәмханалары мен мейрамханаларының аспаздары арасында ең дәмді палау мен бауырсақты анықтау үшін сайыс өткізу жоспарланған. Қолөнер шеберлеріне де өз туындыларын сынап көруге мүмкіндік беріледі. Барлық сайыстың үздіктері сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталады.
Қазіргі уақытта ұйымдастырушылар мерекені өткізу уақытын пысықтау үстінде. Жоспар пісіп-жетілісімен, Наурыз мейрамының дәл өтетін уақытын хабарлайтын боламыз.
Айта кетейік, қазақстандықтар мереке қарсаңында төрт күн, яғни 20-23 аралығында демалады.