Диктант біріктірген күн
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен сағат 11.00-де аралығында республика бойынша «ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТ» басталды. Шараның мақсаты – жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру.
Қостанай облысында диктант барлық аудандар мен қалаларда, оқу орындарында, денсаулық сақтау ұйымдарда, кәсіпорындарда, мәдениет ошақтарында ұйымдастырылған түрде өткізілуде.
Бұған дейін жазғанымыздай, диктантты арнайы белгіленген орындарда жазуға мүмкіндіктері болмаған жағдайда emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және "Қазақ" радиоларында тікелей эфирде мәтін аудиосын тыңдап, жазуға болады. Барлық мемлекеттік органға, облыс әкімдігі басқармаларына, аймақтық департаменттерге, қалалық, аудандық әкімдіктерге диктант өткізу ережелері, көмекші оқу-әдістемелік қосымшалары, сондай-ақ дыбыс жазбалары алдын ала жіберілген-ді. Аталған мемлекеттік мекеме қызметкерлері бүгін диктантқа жаппай қатысты.
Қостанай қаласында диктант жазу:
– Облыстық кәсіподақтар үйінде;
– Л.Толстой атындағы Облыстық әмбебап ғылыми-техникалық кітапханасында;
– А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде;
– Қостанай мемлекеттік педагогкалық университетінде;
– А.Пушкин атындағы қалалық кітапханада, Қостанай педагогикалық колледжінде;
– Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектепте;
– Облыстық аурухана және басқа жерлерде ұйымдастырылған түрде өткізілді. Шараны ойдағыдай өткізу аталған мекемелердің жауапты тұлғаларына жүктелді.
Соңғы мәліметтер бойынша, жалпыхалықтық диктантқа облыс бойынша 80 мыңға жуық адам қатысқан.