Рудныйға – 59 жыл
Бұл күні орталық алаң мен «Достық» саябағында «Мерекелік каравай» нан фестивалі, «Стоп-кадр!» фотосессиясы, «Қазына аралы» кітап көрмесі, «Рудныйға өз махаббатыңды білдір!» еркін микрофоны мен қаланың ең үздік шығармашылық ұжымдарының қатысумен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шараның салтанатты бөлімінде жиналған жұртты Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Есжанов құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Рудный 59 жыл ішінде өзіндік келбеті, сәні мен салтанаты бар әсем қалаға айналды. Біз қала тарихын, оның дәстүрлерін, бүгінгі жетістіктерін мақтан етеміз. Қала тарихқа тұнып тұр, алайда одан да жақсы күндер әлі алда екеніне сенімдімін. Рудныйдың дамуына жасаған еңбектеріңізге, махабаттарыңыз бен адалдықтарыңызға алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, бақыт пен береке, ал әр отбасыға бейбітшілік пен ынтымақтастық тілеймін, – деді ол.
Мереке күні қаланың орталық алаңында 70-ке тарта сауда нүктелері мен ойын-сауық алаңдары жұмыс істеді. Күн батуға таянғанда қала тұрғындары мен қонақтары Қазақстанның жарық жұлдызы Қайрат Нұртас пен Ресейлік әнші Ирина Дубцованың өнерін тамашалап, керемет отшашудың куәсі болды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы.