50 жаста зейнетке шығуға болады
Қазақстан азаматтары 50 жасқа толғаннан кейін зейнеткерлікке шыға алады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егер де сіз ауыр, қауіпті жұмыста істейтін болсаңыз, онда Заңға сәйкес, 50 жасыңызда зейнеткерлікке шығуға мүмкіндігіңіз бар. Яғни ол уақытта сіздің зейнетақы қорыңыздағы 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнаңыз бен алдағы уақыттан бастап жұмыс берушілер төлейтін 5 пайыз жарнаны қоса алғанда жинағыңыз, ең төменгі зейнетақы мөлшеріне жеткілікті болуы қажет. Сонда ғана 50 жастан зейнеткерлікке шығуға болады», – деді ол.
Министрдің айтуынша, 55 жасқа толған кезде азматтың зейнетақы қорындағы жарнасы алдағы 18 жыл бойы ең төмені зейнетақы алуға жеткілікті болса, онда ол 55 жасында-ақ зейнетке шыға алады. «Ал қаржыларыңыз анниутет алуға жеткіліксіз болса, онда ер азаматтар 63 жаста, әйелдер бүгінгі таңға дейін – 58, ал 2018 жылдан бастап 58,5 жаста зейнеткерлікке шығады», – деді Тамара Дүйсенова.
Айта кетейік, Еңбек министрі бүгін 2020 жылға қарай Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі құрылатындығын мәлім еткен болатын. Мұнан бөлек, ол 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлікке шығатын әйелдердің зейнетақысы 2 есеге ұлғайтылатындығын айтқан еді.